Алматыда өткен жария талқылауда жазушылар пікір білдірді
«Атом электр стансаларын құру арқылы көмірқышқыл газының шығарындыларын 70 миллион тоннаға дейін азайтуға болады». Сарапшылар 2 күн бұрын Алматыда өткен жария талқылауда осылай деп пікір білдірген еді. Ал жазушы Құдияр Біләлдің айтуынша, дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенген жөн, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ жасыл энергия стансалары салынған жағдайда, кадр мәселесін де ретке келтіру маңызды екенін атап өтті.
– Дамыған елдердің барлығы АЭС мүмкіндігіне сүйенуде. Арзан электр қуаты. Мәселен, АҚШ-та 95 АЭС бар, Францияда 56, мына көршіміз Қытайда да, Ресейде де АЭС бар, – деді жазушы Құдияр Біләл.
Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш АЭС салу әлемде қарқын алғанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, БАӘ мен Түркия аумағында құрылысты бастап та кетті. Өзбекстан да ел экономикасын қолдау үшін атом энергиясын пайдалануды жоспарлап, талқылау жүргізуде. Ал аумағында 56 атом электр стансасы бар Қытай тағы 25 станса құрылысын бастады.
– Заман талабына сай әлемде АЭС салу қолға алынып жатыр. Жаңа технологияны пайдаланып, жасыл энерги стансасын салу жалғасып жатқанын естіп жүрміз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш.
Оқи отырыңыз: Жаңартылатын энергия көздерін игеру қажет - алматылық сарапшы