Алатау ауданы әкімдігі Теректі тұрғындарының мәселесін қалай шешпек

Almaty.tv
Almaty.tv
Алатау ауданы әкімдігі жол салмас бұрын мұнда жуырда инженерлік желілердің тартылатынын хабарлады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алатау ауданына қарасты Теректі шағын ауданының тұрғындары 10 жылдан бері жөндеу көрмеген жол мәселесін айтып шағымданды. Ойқы-шойқы жолдардан әбден мезі болған жергілікті халық ескірген асфальттан өздері жол төсейтін көрінеді. Бірақ жауын жауса, шұрық тесіктер пайда болып, белшеден батпаққа батамыз дейді. Одан қалды, ықшам аудан көшелері жарыққа да қосылмаған екен. Халық базынасын тыңдап қайтқан Almaty.tv тілшісінің материалы.

Кедір-бұдыр, ойқы-шойқы жолдар Теректідегі ҚазМис көшесі тұрғындарының наразылығын тудырып жатыр. 2014 жылы Алатау ауданына кіргеніне қарамастан жолдарына әлі бір рет те ірі жөндеу жасалмаған дейді.  

«Жолды 10 жыл болды ешкім жасаған да емес. Осы жердің тұрғындары жиналып, өз қаражатымызға жасатып жатырмыз. Жылына 2 рет жасаймыз. Тракторды, бәрін өзіміз жалдаймыз. Қалдықтарды, қолданылған асфальт алып, сонымен жасаймыз. Бірақ ол көпке шыдамайды, 1 жаңбырдан кейін жолдың түрі мынадай болып тұрады», – деді Алатау ауданының тұрғыны Асхат Сарабозов.

Алатау ауданы әкімдігі жол салмас бұрын мұнда жуырда инженерлік желілердің тартылатынын хабарлады. Тиісті басқармаға су мен канализация жүргізу бойынша ұсыныс беріліп, жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалыпты. Тіпті бұл жұмыстарды жүргізетін мердігер мекеме де анықталып қойған екен. Жақын арада орталықтандырылған су мен кәріз жүйесін жүргізу бойынша құрылыс жұмыстары басталады дейді коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер.  

«Ауа райының қолайлы жағдайында орталықтандырылған су мен кәріз жүйесін жүргізу бойынша құрылыс жұмыстары басталады. Оның ішінде 44 шақырым су, 32 шақырым кәріз жүйесін тарту бойынша жоба шыққан. Жобада үлкен көлемдегі жұмыстар жоспарланып отыр. Ол бір жылдық қана жұмыстар емес. Ол 2021-2022 жылға жопарланған. Жолды салу үшін бірінші инженерлік желілер тартылу керек», – деді Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров.

Ықшам аудан тұрғындары жол мәселесінен бөлек, көше жарығына да қатысты шағымданды. Жарық шамдары былтыр қараша айында орнатылғанымен, әлі жанбай тұр.

«Бұл жерде көше жарығы жоқ, болған да емес. Кешкісін бала-шаға емес, өзіміз де жүруге қорқамыз. Талай рет айттық та, бірақ шаруа жасалар емес», – деді Алатау ауданының тұрғыны Марат Саматов.

Ал әкімдіктегілер мұндағы трасформаторлық қондырғылардың бәрінің жекенің меншігінде екенін айтып, келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жауаптылар Теректі шағын ауданы осы жылдың соңына дейін толықтай көше жарығымен қамтамасыз етіледі деп сендірді.  

«Теректіде қазір барлық көшелерге лампа қойылған. Бірақ қосылмаған себебі бар. Өйткені ол жерде мемлекеттің теңгеріміне қарайтын трасформаторлық қондырғы жоқ. Ол жерде бәрі жекеменшіктің қолында. Қазір солармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Көше жарығын солардың трансформаторлық қондырғысына қосу бойынша», – деді Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров.

Өңірде орталықтандырылған су мен кәріз жүйесін жүргізу бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, жол мәселесі толық шешілгенше, тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін шашамен наурыз айының ортасына қарай уақытша жол жөндеу мәселесі де қарастырылмақ.

Сая Меңдеке, Аянрафи Нәрікбаева, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров