Мәжіліс депутаттары зейнетақы жинағындағы жеткілікті шекті қайта есептеуді талап етті

15.12.2021 21:40

Ақшаны арнайы шотқа аударғанда, ол қордан алынып, адамға инвестициялық кіріс әкелмейді. Сол себепті бұл кезеңді қысқартқан дұрыс, деді Құрманов

Almaty.tv

Мәжіліс депутаттары зейнетақы жинағындағы жеткілікті шекті қайта есептеп, кінәлілерді жазалауды талап етті. Депутат Аманжан Жамалов Үкімет басшысына жолдаған сауалында жеткілікті шекті есептеу әдістемесі «Зейнетақымен қамсыздандыру» туралы заңға сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Ал Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорының басшысы осы мәселеге қатысты сұрақтарға мардымды жауап бере алмай, Мәжіліс төрағасынан сын естіді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зейнетақы жинағындағы жеткілікті мөлшерді пайдаланып үлгермеген азаматтар жылдың соңында сарсаңға түскені белгілі. Себебі 3 желтоқсанда Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинағына қатысты жеткілікті шектің өсетінін хабарлаған еді. Бүгін Мәжіліс депутаттары алдына келген аталған мемлекеттік мекеме басшысы Жанат Құрманов жеткілікті шектің неге өскенін уақытында түсіндірмегені үшін сын естіді. Сақтандыру нарығы туралы заң жобасын талқылау кезінде депутаттар оған бірлескен ерлі-зайыпты аннуитеті туралы сұрақ қойды. Алайда Жанат Құрманов мардымды жауап бере алмай қиналды.

«Шешуге болады деп үшінші рет айтып отырсыз. Сіз бір айдың ішінде халық алдына шығып, сұрақтарға (жеткілікті шек жайлы) неге жауап бермегеніңіз енді түсінікті болды. Бір мәселеге жауап бере алмайсыз. Тікелей сұраққа сол жақтан да, оң жақтан да кіретін жол іздеп тұрсыз. Депутат тікелей сұрады ғой. Егер соны білмесеңіз, қалай басқарып жүрсіз? Екі негізгі қадам жасау керек. Соны айта алмай тұрсыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Ал депутат Аманжан Жамалов 2022 жылға жеткілікті шек деңгейін қайта есептеу керек деп санайды. Оның сөзіне қарағанда, заңнамаға сәйкес есептеулерде ең төменгі зейнетақы көрсеткішін пайдаланған кезде, жеткіліктілік шектің деңгейі 2021 жылмен салыстырғанда тек 9 пайызға өсер еді.

«Біріншіден, 2021 жылғы 6 қаңтардағы өзгерістер мен толықтырулар зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегін айқындау әдістемесі «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның нормаларына сәйкес келмейді. Заңның 1-бабы 15-1-тармақшасына сәйкес ең төменгі жеткілікті шек –ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес, ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.

Сонымен қатар Парламент Мәжілісі ерлі-зайыптыға немесе жақын туыстарға зейнетақы жинағын біріктіріп, зейнетақы анниутетін сатып алуға мүмкіндік беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Екінші өнім – бірлескен ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитеті. Бірлескен аннуитет ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнетақы аннуитетін сатып алады. Сонымен бірге, төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік алады», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Айта кетейік, зейнетақы жинағындағы шекті мөлшерге қатысты мәселе шешіміне Мемлекет басшысының араласуына тура келген еді. Президент Үкіметке 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін бұрынғы жеткіліктік мөлшеріне қатысты мерзімді ұзартуға тапсырды.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан