Атырау облысында бұралқы иттер талаған оқушы қыз жансақтау бөлімінде жатыр

15.12.2021 21:11

Жыл басынан бері өңірде үй жануарларынан жапа шеккен 400 бала ауруханаға түскен

Almaty.tv

Атырау облысы Дамбы ауылында ит қапқан 13 жастағы қыз қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жеткіншектің жағдайы орташа ауыр, оның беті де жарақаттаныпты. Ал қала көшелерін кезген қаңғыбас иттердің қаптап кеткеніне осыған дейін тұрғындар бір емес, бірнеше рет шағым түсірген болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жағдай 13 желтоқсан күні кешкі уақытта болған. Үйірмеден үйіне қайтып бара жатқан 8-сынып оқушысына бұралқы иттер шапқан. Төрт итке таланған қыздың жағдайы орташа ауыр, оның беті де жарақаттанған.

«14 жастағы баланы қауып, талап тастапты. Иттер 3 қызға шапқан екен, 2 қыз қашып кетіп, әкелеріне хабарласып, сөйтіп құтқарып алған. Егер әкесі шығармаса, ана баланы кәдімгі мал жегендей жеп қойғандай екен. Шарбағында тұрған итті атып кетсе айыппұл салсын, ел көшеде жүрген итті атса айыппұл салғаны қалай», – дейді облыс тұрғыны Мөлдір Қарағұлова.

«Ит малға да, адамға да шауып жатыр. Не көп, бұралқы ит көп. Енді иттерді атуға болмайды, әйтпесе айыппұл салынады деп заң шығарып қойды. Сонда иттің мәртебесі адамның мәртебесінен жоғары болып тұр ма», – деп ашынады тағы бір тұрғын Шайдолла Тауманов.

Жыл басынан бері мұнайлы өлкеде үй жануарларынан жапа шеккен 400 бала балалар ауруханасына түскен. Ал осы жылы «Атырау» ауылдық округінде заңды түрде көше кезген 348 иттің көзі жойылыпты. Жергілікті әкімдік болса бұралқы иттермен күресу әкімдік құзырында емес, 2020 жылдан бастап ветеринария басқармасының жауапкершілігіне өткенін айтып ақталды.

«Олар даладан келген ит емес, өзіміздің шарбағымыздан шыққан иттер. Неге сол итті асырар алдында бізде жауапкершілік болмайды? Неге үй жануарларын дұрыс ұстамаймыз? Егер ұстағымыз келмей ме, ветеринария бөліміне айтып, көзін жояйық», – деді Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Қалмурзин.

Ал мамандар жеке үйлер мен пәтерлерде үй жануарларын ұстау үшін ветеринарлық құжат алу, байлап ұстау, асырау және тұмылдырық кигізу керек екенін естен шығармаған жөн дегенді алға тартады.