Турпакет құрамындағы балалар авиабилеті (Kids Go Free) субсидияланады.
Мемлекет елімізге сырттан келетін туристерді тартумен айналысатын сала операторларының қызметін субсидиялайды. Сонымен қатар туристік нысандарды салу және жөндеу шығыны өтеледі. Бұл туралы Kazakh Tourism АҚ ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Аманбаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Ішкі туризмді ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған заңнама күшіне енді. Атап айтқанда, шетелдік туристерді тартатын сала операторларының қызметін субсидиялау, туристік нысандар мен жол бойындағы туристерге қызмет көрсету бекеттерді салу және жөндеу шығындарын өтеу. Сонымен қатар санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауды субсидиялау және туристік автобустар сатып алу шығындарын өтеу. Одан бөлек, тау шаңғысы курорттарына арналған техника мен құрал-жабдық сатып алу шығындарын өтеуде мемлекет көрсететін қолдау қатарына кіріп отыр», - деді Талғат Аманбаев.
Ұлттық компания басшысы балалардың да назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Яғни турпакет құрамындағы балалар авиабилеті (Kids Go Free) субсидияланады.
Сондай-ақ отандық және шетелдік туристер үшін Қазақстанда саяхаттауға тұрарлық жерлерге кеңес берілді.
«Қалыптасқан дәстүрге сай елімізде туристер жыл сайын келетін құтты орындар баршылық. Мысалы, елорда. Нұр-Сұлтан – қалалық туризм аймағы, Алматы – шаңғы және экологиялық туризмнің мекені. Еліміздің солтүстігінде көбінесе Ресейден келетін туристер үшін ең алдымен Бурабай-Щучье, Имантау-Шалқар, Баянауыл және Балқаш курорттық аймақтары қолжетімді әрі сұранысқа ие. Шетелдік туристер үшін өте қызықты болатын аймақтар қатарына Ақтау курорттық аймағы мен Түркістан қаласы мен облысының туристік мүмкіндіктері де бар. Соңғы жылдары бұл өңірлерде ауқымды туристік жобалар жүзеге асқаны белгілі», - дейді ол.
Одан бөлек, Kazakh Tourism басшысы отандық туристік компаниялар жаңа маусымға дайын ба деген сауалға жауап берді.
«Биылғы маусым ішкі туризмге жаңа дем бермек. 2 жылға созылған пандемия аталған салаға ауыр тиді. Осы орайда биыл отандық туристік бизнес өкілдеріне артылатын үміт жоғары. Бүгінде жаңа туристік маусымға дайындық белсенді түрде жүріп жатыр. Сөз орай келгенде, біздің компания тарапынан туристік сала өкілдерінің кәсіби білімін жетілдіру жобасының жалғасатынын хабарлаймыз», - деді Т. Аманбаев.
Бұған дейін енді құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарында жаңа туристік бағыттардың ашылатынын хабарлаған едік.
Айта кетсек, ішкі туризм бойынша рекордтық көрсеткіш орнағаны айтылды.