Майданда 900-ге жуық сарбаз қаза тапты
Алматыда да Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай дәстүрлі тағзым ету іс-шарасы өтіп жатыр. Бүгін 28 панфиловшылар саябағында жиналғандар қаза болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бір минуттық үнсіздіктен соң ардагерлер сөз алып, соғыс ақтаңдақтары туралы естеліктерін бөлісті. Салтанатты іс-шарада біраз батыр марапатталып, жауынгерлер арнайы бағдарламасын дайындаған.
– Мен 1980-1992 жылдар аралығында болдым. Соғыс біткеннен кейін әрі қарай жалғаса берді. Өкінішке қарай, біздің әскер шыққаннан кейін ішкі соғыс Ауғанстанда біткен жоқ. Кемінде миллион адам қырылды. Өкінішке қарай, соғыс әлі де бітпей жатыр. Соғыс болмасын! – деді «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Өміртай Бітімов.
Салтанатты рәсімге әкімдік өкілдері, Қазақстанның қарулы күштерінің сарбаздары, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Айта кетсек, кезінде қазақ жерінен Ауған соғысына 22 мыңнан астам адам аттанып, 900-ге жуық сарбаз майдан даласында қаза тапты. 19 азамат із-түзсіз жоғалып, мыңнан астам жауынгер түрлі жарақатпен оралды.
– Жақын достарым, өзбек, тәжік азаматтары көз жұмды. Маңыздысы, Отанымызда әрқашан бірлік, бейбітшілік, ұлтаралық татулық болсын! Жастар, ұл-қыздарымыз біз көрген соғысты ешқашан көрмесін, – деді Ауған соғысының ардагері, «Абырой» ҚБ төрағасы Әли Нариманұлы.
Оқи отырыңыз: Ауған ардагерлері: дерексіз кеткен 19 қазақстандық табылмады