Жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыруы тиіс мемлекеттік айыппұл тұрағы болмаған
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 23 жыл бойы азаматтардан заңсыз ақы алып келген автотұрақ анықталып, жауапты тұлғалар жазаға тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақылы автотұрақта 4-5 жылдан бері тұрған көліктер бар. Жол апатына, қала берді, кісі қаза тапқан көлік оқиғаларының ісі тергеліп бітпейінше, әлгі транспорт ақылы түрде осында тұрады. Кемі алты айдан, арғы жағы сот шешіміне дейін көлік иесі қалтасын ақша шығарып, қаржы төлеп тұруға мәжбүр.
– Жаңа жылдың алдында көлікті інім айдап кеткен. Жүргізуші куәлігі бар, бірақ сақтандыру құжаты жоқ. Сондықтан көлікті осында қойған. Он бес күн болды. Ақы төлеуге кейбір адамда мүмкіндік бар, ал кей адамда жоқ, – деді Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Жанат Ноғайбай.
– Автотұраққа сақтандыру құжаты дайын болмағандықтан қойдым. Себебі мереке күндеріне тап болдым. Бүгін құжаттарымды дайындап келіп отырмын. Күніне 1500 теңге төледім, – деді Есік қаласының тұрғыны Данияр Серіков.
Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысушылардан автомобильді айыппұл тұрақтарында сақтағаны үшін ақша алудың заңсыз екенін мәлімдеп отыр. Белгіленген заң нормаларына сәйкес, арнайы тұрақ жергілікті бюджет есебінен алынып, азаматтар үшін өтеусіз болуы тиіс екен.
– Еңбекшіқазақ аудан прокуратурасының талдау қортындысы нәтижесінде ақылы автотұрақтың заңсыз жұмыс істеп келгені анықталды. Автотұрақ автокөліктерден 1500-2000 теңге заңсыз алынған. Талдау барысында ол жерде 32 көліктің тұрғанын білдік. Оның жалпы қарызы 9,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Ол автокөліктерді бүгін тегін қайтарып береміз, – деді Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының орынбасары Айдос Жұмабаев.
Ал жергілікті билік атынан келген өкіл «талай жылдан бері азаматтардың құқығы неге қорғалмай келді?» деген сауалға жауап бере алмады. Оның айтуынша, тұтас ауданда хаттама толтырылған темір тұлпарларды тегін қоятын орын табылған көрінеді. Ал осы заңсыздықты жойдық деген прокуратура мәліметіне сүйенсек, тегін тұрақты жергілікті билік бөліп беруі керек болған.
– Жол-көлік оқиғасына түскен азаматтар көлігін тегін қоя алады және ол толыққанды сақталады. Әкімшілік не болмаса қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда иесі әкетеді. Бұл – 2000 жылдардан бері ақылы болып келген тұрақ, – деді Еңбекшақазақ ауданы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бейбіт Ысқақов.
– Тегін автотұрақты жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырмаған. Ол үшін жауапты тұлғалар жазасын алады, – деді Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының орынбасары Айдос Жұмабаев
Еңбекшіқазақ ауданының аумағында 2000 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыруы тиіс мемлекеттік айыппұл тұрағы болмаған. Сонымен қатар ақылы болып келген бұл жерге Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандары аумағынан көліктер әкелінген.
1 қаңтардан бастап бұл тұрақ тегін қызмет көрсетеді. Ал прокурордың айтуынша, көлігіне ақы төлеп келген азаматтар сот арқылы ақшасын өндіріп ала алады.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда биыл көлік бағасы төмендейді