|
09.01.2024 | 14:00
41675

Қазақстанда биыл көлік бағасы төмендейді

Былтыр елде 70 пайызы отандық машина сатылған

Қазақстанда биыл көлік бағасы төмендейді Almaty.tv

Қазақстанда биыл көлік бағасы төмендейді. Автожурналистер осындай ақжолтай ақпарат таратып жатыр. Қазақстандық жүргізушілердің жаны сүйетін жапондық машиналар қазірдің өзінде салондарда өтпей тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2023 жылы Қазақстандағы автонарық әбден жаңарды. Ең басты себеп – бағасында. Сонымен қатар жабдықталуы адам қызығатындай еді. Мультимедиялық мүмкіндіктер, смарт шешімдер мен қосымша көмекші құралдар өзіңді хандай сезінуге септесті. Осыған қызыққандар жаппай көліктерін ауыстырды. Алайда қаржы шолушысы Ербол Азанбектің айтуынша, мұндай көліктердің елге келгені жақсы, бірақ уақытпен сыналмаған темір тұлпарды алып, бармақ тістеп қалу қаупі жоғары екен.

– Мысалы Toyota Camry 75 десек, олар 5 жылға дейін жаңармайды. Ал қытайлық автокөліктер 3-2 ай сайын түбегейлі жаңартылады. Бір жылғы көліктің бөлшегі екіншісіне келмеуі мүмкін. Сондықтан 1-2 жыл көлемінде Қытай көліктеріне мұқият сақтықпен қарап, зертеуіміз керек, – деді қаржы шолушысы Ербол Азанбек.

Ербол Азанбектің айтуынша, шетелден келіп жатқан көліктердің біздің автонарыққа тигізген жалғыз пайдасы – темір тұлпарлардың бағасы арзандады. Автосалондар тауарларын сату үшін түрлі науқандар мен жеңілдіктер жасай бастады. 

Ал автоқауымдастық өкілі Анар Мақашеваның айтуынша, былтыр елде 190 мыңға жуық көлік сатылған. Оның 70 пайызы отандық машиналар екен.

– Біздің елде көлік нарығында өзгеріс бар. Дегенмен отандық темір тұлпарды таңдайтындар көп. Олар сапа жағынан бір саты жоғары тұратыны сөзсіз. Былтыр біздің елде 148 мың көлік шығарылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Шетелден келіп жатқан көліктер отандық өнімнің сұранысын төмендетіп тастады деп айта алмаймын. Біздің автозауыттар тиісті көлемде өнім өндіріп, оған тұтынушылар тарапынан сұраныстың барын көріп жүрміз, – деді Қазақстан автоқауымдастығының президенті Анар Мақашева.  

2023 жылы Қазақстанда орташа есеппен ай сайын 165 мың көлік тіркеуге қойылып, шешілген. Былтырғы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша елде 5 миллион 216 мың темір тұлпар есепте тұр. Оның 88 пайызын жеңіл көліктер құраса, 10 пайызға жуығы жүк машиналар. Ал 2,1 пайызын автобустар құрайды екен.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматының қай ауданында ақылы автотұрақ іске қосылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир