|
19.05.2023 | 15:33
745

Баспана алуға сұраныс неге төмендеп кетті

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 638 мың адам үй кезегінде тұрғанын хабарлады

Баспана алуға сұраныс неге төмендеп кетті Almaty.tv

Биыл жаңа үйлердің бағасы арзандайды. Бірақ бұл фактор көпшілікті баспана сатып алуға қызықтыра алмай отыр. Мамандар ел ішінде үйлі болуға деген сұраныстың күрт төмендеп кеткенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әдетте, нарықта үй бағасы жыл сайын 25-30 пайызға қымбаттайтын. Бірақ бұл өсім биыл тоқтап тұр. Өйткені, соңғы екі жылда азаматтар зейнетақы жинағындағы ақшаны шешіп алуға мүмкіндік алған еді. Мамандардың айтуынша, осы мүмкіндіктің тоқтап қалуы баға тұрақтылығына негіз болып отыр.

Биылғы сәуір мен былтырғы сәуірді салыстырсақ, 1 жыл ішінде тұрғын үйді сату мен сатып алу мәмілесінің ел бойынша 40,1 пайызға азайғанын байқаймыз. Бұл көрсеткіш елдің барлық аумағында тіркелген. Екінші нарықтағы үйлерге ипотекалық бағдарламаның қарастырылмауы бағаның өспеуіне себеп болып отыр. Сондай-ақ азаматтар үшін базалық мөлшерлеменің жоғары болуы - сату-сатып алуға кедергі екен. Тақырып төңірегінде ой айтқан экономист те бағаның бақылауда тұруына әсер ететін бірнеше фактор барын айтады.

– Бұл – құрылыс компанияларының қазіргі таңда жұмыс күшінің арзандауы бірден-бір әсер ететін фактор. Одан кейін құрылыс материалдарының белгілі бір деңгейде төмендей бастауы, мысалы темір, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отырған бетонның бағасы арзандады. Жыл сайын белгілі бір деңгейде 5,7,10 проценттің төңірегінде төмендейді. Бірақ бұл жалпы алып қарағанда, көрсеткішке әсер етпейді, – деді экономист Мақсат Сералы.

Баға төмендегенде, үй алуға деген сұраныс артуы керек еді. Бірақ ел ішінде баспаналы болуға ұмтылатындар байқалмайды. Сарапшылар мұны ипотекалық бағдарламалардың тиімсіздігімен байланыстырады. Ал мемлекеттік жобаға қатысушыларға белгілі бір шектеу қойылады.

– Қазіргі таңда нарықта үйдің бағасы 30 пайызға түсті. Былтырғымен салыстырғанда оның екі түрлі себебі бар. Қазір үй аламын дейтін адамдар үшін ең бастысы – несие тарихы мен 6 ай көлемінде қалыпты бір жұмыс орнында істегені жөн. Соған байланысты банктер өтінімді тез қабылдайды, – деді Жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі Мақсат Кәдірханов.

Тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруіне зер салсақ, соңғы бір айдың өзінде жаңа баспананы алу 0,6 пайызға, ал пәтерді қайта сатудың 1,5 процентке төмендегенін байқаймыз. Агенттік өкілдері осындай тиімді тұста батыл қадам жасау керек екенін айтады. Ал өкінішке қарай, мемлекеттік бағдарламалар көпшілікке бірдей көмек бермейтінін айтқан сарапшы тұрғын үймен қамту механизмін әлі де жан-жақты қарастыру керек екенін атап өтті.

– Ипотекалық бағдарламаларға өкінішке қарай, эконом санаттағы немесе С+ санатты тұрғын үйлер алынып жатады. Бірақ әоларға бөлінетін қаражаттың сомасы лі де болса аз. Сондықтан оны көбейту керек, – деді экономист Мақсат Сералы

Қаражат демекші, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазір 638 мың адамның үй кезегінде тұрғанын хабарлады. Елде жыл сайын 15-20 мың адам баспанамен қамтылады деген ведомство өкілі биыл жеңілдетілген несиеге 72 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Бұл өз кезегінде 6700 займ болады.

– 2022 жылы республикалық бюджеттен 66 млрд теңге бөлінген еді. Биыл да қаржыландыру қалыпты деңгейде тұр. Келер жылы да 6400 займға 87 млрд теңге жеңілдетілген несиеге беру жоспарланып отыр. Ал тұрғын үйге деген сұраныс жөнінде біз мәлімет бере алмаймыз, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бөлім меңгерушісі Меруерт Молшина.

Демек, азайған сұраныс бағадан бөлек, құрылыстың қарқынды жүруіне де теріс әсер етеді. Бұл – жалпы жылжымайтын мүлік нарығында белсенділік болмайды деген сөз. Ал мұндай пессимистік сценарийді болдырмас үшін азаматтардың тұрмыс деңгейін ескере отырып, тиімді бағдарлама ұсынылуы тиіс.

Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир