|
16.04.2021 | 20:51
6583

Жамбыл облысындағы көлдерге қауіп төніп тұр

Осыдан 10 күн бұрын жаңалықтарымызда балықсыз қалған шаруаның мәселесін көтерген болатынбыз

Жамбыл облысындағы көлдерге қауіп төніп тұр

Жамбыл облысында айдын көлдердің мәселесі өршіп тұр. Осыдан 10 күн бұрын жаңалықтарымызда балықсыз қалған шаруаның мәселесін көтерген болатынбыз. Енді тағы 10 шақты көлге су жетпей, құрғап жатыр деген шағым түсті. Аймақтағы айдындардың құрғап шаруашылықтардың шығынға батуына не себеп? Almaty.tv тілшісі Мерей Бает анықтап көрген еді.

Бұл көрініс – Жамбылдық балықшылардың былтырғы шығыны. Қыс айларында тоғандарға келіп тұрған су тоқтатылып, каналдар жабылған. Салдарынан тонналап балық қырылған сәт. Жамбыл және Байзақ ауданындағы 10 шақты көлде осындай жағдай. Бүгінде кейбірінің табаны мүлдем құрғап, ішін ну қамыс басқан. Еңбегім еш кете ме дегендердің бірі – Руслан Изделипов. Қазір балықшы қаржы жұмсап, шабақ өсіруге қорқып отыр. Себебі жаз ортасында су болмаса, шығын үстіне шығын болғалы тұр.

«Көлшіктерді жергілікті биліктен балық өсіреміз, шаруашылықты дамытамыз деп жалға алған едік. Бірақ су бірде бар, бірде жоқ. Су тұрақты болмаса, тақыр жерді алғанмен бірдей. Былтыр да осындай қиындыққа тап болғанбыз. Ол кезде тереңдігі 4 метр судан бар-жоғы 8 сантиметр ғана қалған. Енді су жеткізу үшін әр текше метріне қаржы төлеу керекпіз. Ол тиімсіз әрі тым қымбатқа түседі», – деді шаруа Руслан Ізделіпов.  

Бұл көлшіктерге су Қазсушар мекемесіне қарасты каналдармен жеткізіледі. Берілген күннің өзінде суды жеткізу ақылы болмақ. Облыстағы жауапты орган проблемамен жақсы таныс. Бірақ амалы жоқ. Өйткені су арналарында жөндеу жұмыстары бітпейінше көлдерге су бармайды.

«Мәселе бар. Каналды жөндеуіне байланысты бүгінгі күні су бере алмай отырмыз. Мүмкіншілік жоқ. Каналды салудың өзі бірталай ақша тұрады. Мысалы, 5 километр болса, жанынан 5 километр канал қазу керек», – деді Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков.

Суы тартылып жоққа айналған 10 көлшікке су тек каналдар жөнделіп біткеннен кейін ғана берілуі мүмкін. Оның өзінде егіннен артылса ғана. Сондықтан балықшылар жаңбыр және қар суына қарап, күзге дейін күтуге мәжбүр.

Мерей Бает, «Алматы» арнасы Жамбыл облысынан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир