2016 жылы құжатсыз 1029 пәтердің кілті тұрғындарға табысталған
«Ресми үй де, көңіл-күй де жоқ». Талдықорғандық медицина мамандары 7 жылдан бері баспананың құжатын ала алмай келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әу баста әкімдік табыстаған пәтерлер әлі күнге дейін «заңсыз» санатында. Ал мамандардың мемлекеттен үй алғанын растайтын анықтамалар белгісіз себеппен жоғалып кеткен-мыс. Кілті бар, құжаты жоқ үй иелерінің базынасын Талдықорғанға барып қайтқан Мадина Оқас жеткізсін.
60 пәтері бар мына тұрғын үй толығымен медицина мамандарына арналған. 2016 жылы кілті табысталғанымен, үй иелерінің қолында бірде-бір құжат жоқ. Анығы, о баста берілмеген.
Түсінбеген түйткіл көп. Пәтердің кілті көпшілікке табысталмай тұрып, әуелі тұрғын-үй комиссиясының отырысы, кейіннен арнайы шешім мен әкімнің қаулысы болуы керек еді. Бірақ, бір қызығы тиісті шаралар орындалмаған.
«Неге жасалмаған?» деген сұраққа құзырлы мекемелер жауап бере жатар. Жергілікті атқарушы органның міндеті. Тұрғындардың ешқандай кінәсі жоқ», – деді Талдықорған қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айдос Жақыпбек.
Әкімдік кінә артпағанмен, тұрғындар 2 ай сайын керекті анықтаманы өткізсе де, әлі күнге дейін нақты шешімнің болмағанына алаңдайды. Құжаттың жоқтығынан, қордаланып қалған өзге мәселелер де аз емес көрінеді.
«Не анда, не мұнда жоқ болып ауада қалып қойдық. Бюджет есебінде де, көпбалалы ана есебінде де тізімде болғанмын. Күйеуіме құжатсыз үй берілді. Енді маған келіп қайтадан кезекке тұрыңыз дейді. 7 жылғы күткенім аз ба?», – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Айгүл Нысанова.
«База неге жойылып кетеді?» деп шулап жатырмыз. Ол неге жойылып кетеді? Өрт болмады, су басқан жоқ. Ол неге жойылып кетеді?», – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлнар Құқылбекова.
«Не қолымызда қағазымыз жоқ, не ордеріміз, не түрағты тіркеуде жоқпыз. Бармаған жеріміз де жоқ. Енді жалға алатын тұрғын үй санатына кіргізбекші. Менің ақылыма сыймайды», – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Дәния Құсайынова.
Бұған дейін берілуі тиіс болған құжаттарды әкімдік өкілдері «жуық арада жасап береміз» дейді. Мамандар іс тұрғын-үй қатынастары заңының аясында атқарылатынына сендірді.
«Бұл жерде дұрыс түсіну керек. Тұрғын үй қатынастарының заңы бойынша, үйді берген кезде келісім-шарт жасасамыз. Ол кісілер жекеменшігіне алмайды, «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй берілді» деп келісімшарт жасалады. Ол кісілер ай сайын ақшасын төлейді. Ақшасын төлеп болғаннан кейін, кез келген сәтте жекешелендіруге болады», – деді Талдықорған қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айдос Жақыпбек.
Пәтерлер заңдасқан сәттен бастап тұрғындар айына 3-5 мың теңгенің аралығында төлейді. Барлық ақпар әлі де жеке түсіндіріледі. Айта кету керек, Талдықорғанда құжатсыз 1029 пәтердің кілті тұрғындарға табысталған. Ал 48 адам өз еркімен алған үйді үкіметке қайта өткізіпті.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы