Кәсіпкерлер үшін несие қолжетімді болуы тиіс. Сонымен қатар, салық мөлшері де азайтылғаны жөн. «Ақ жол» партиясының атынан президент сайлауына түскен Дания Еспаеваның сайлауалды штабының жетекшісі Азат Перуашев бастаған үгіт насихат тобы қарағандылық кәсіпкерлермен кездесіп, бизнесті дамыту тақырыбында пікір алмасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өңірде 100 мыңнан аса кәсіпкерік нысаны тіркелген. Былтыр тек осы саланың өзі 1 млрд теңгеден астам қаржыға өнім шығарған. Сайлауалды штаб жетекшісі Азат Перуашев, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаларды әлі де жетілдіре түсу қажет дейді.
«Мұнда да кәсіпкерлер түрлі кемшіліктер мен кедергілермен ұшырасып отыр. Мемлекеттік органдардың тиісті саларға назар аудармағандығы сияқты түрлі мәселелер бар. Әсіресе, орта және шағын бизнес өкілдерінің арасында монополиялық проблемалар пайда болған. Біз бұл жерде адал, ашық бәсекелестікке жол ашуымыз керек. Проблемаларды шешу үшін тиісті органдарға шығуға дайынбыз», – дейді ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды штабының жетекшісі Азат ПЕРУАШЕВ.
Сайлауалды үгіт-насихат тобы турбомеханикалық зауытында да болып, жұмысшыларды Президенттікке үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Негізінен, Жылу электр станцияларына қосалқы бөлшектер жасау мен және оны жөндеумен айналысатын кәсіпорын 1993 жылдан бері жұмыс істейді.