Енді Қазақстанда қаржы пирамидасын жарнамалағандар қылмыстық жазаға тартылады

08.06.2022 20:34

Парламент Мәжілісінде қаржы пирамидасының қызметіне қарсы іс-қимыл туралы заң жобалары мақұлданды

aqmolanews.kz

Енді Қазақстанда қаржы пирамидасының кез-келген жарнамасы қылмыстық жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

«Қарауға ұсынылған заң жобаларының негізгі мақсаты – қолданыстағы заңнамадағы құқықтық олқылықты жою және қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және жарнамалау үшін жауапкершілікті қатаңдату арқылы алаяқтық қаржы пирамидасының кеңінен таралуына депутаттардың жедел ден қоюы болып отыр», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юрий Ли.

Депутат аталған заң жобаларының қандай өзгеріс ұсынатынын түсіндірді:

• Қаржы пирамидасын құру және басқару үшін санкцияның жоғарғы шегін арттыру;

• қаржы (инвестициялық) пирамидасын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеу;

• сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған Ішкі істер органдарына немесе экономикалық тергеу қызметіне қаржылық (инвестициялық) пирамиданы жарнамалау туралы қылмыстық істер бойынша тергеу жасауын айқындау;

• қылмыстық іс-әрекетті әкімшілік құқықбұзушылықтан ажырату;

• жеке және заңды тұлғаның ақшасы мен өзге де мүлкін осындай қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ тұлғаның пайдасына тартуға қатысты қызметті жарнамалауға тыйым салу.

Осылайша, түзету Қылмыстық кодекске, Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодекске және «Жарнама туралы» заңға қатысты болады.

«Бастамашылық жасалған түзетулер азаматтардың мүліктік және мүліктік емес құқығы мен активін қорғау деңгейін едәуір арттыруға, қаржы (инвестициялық) пирамидасының қызметін ескертуге, қаржы пирамидасын құру мен оны жарнамалау кезіндегі құқықбұзушының іс-әрекетін неғұрлым нақты саралауға мүмкіндік беретін жинақы, нақты түзету болып саналады», - деді Юрий Ли.

Депутат Юрий Лидің айтуынша, бұл блогерлер, вайнерлер мен басқа да есімі елге белгілі адамдардың қаржы өнімдерін жарнамалау жауапкершілігін күшейтеді. Жазада мүлкін тәркілеп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған

«Қылмыстық Кодекстің 217-бабының 1-бөлігі бойынша 2000 АЕК-ке дейін, яғни 6 126 000 теңге айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға 600 сағатқа дейін тартылады. Сондай ақ екі жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юрий Ли.

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева бұл бағытта қаржы мониторингі агенттігінің жұмысын сынға алды. Ол күдікті инвестициялық компаниялардың мыңдаған қазақстандықтарды алдамай тұрып, оларды жабуға еш әрекет етпейтінін айтты.

«Неліктен агенттік  көптеген азаматтардың заңсыз әрекеттерге қатысуын күтпей-ақ, олардың қызметінің жолын кесуге бастапқы кезеңде жедел әрекет етпейді? Қаржы пирамидалары әлеуметтік желілерде ашық жұмыс істейді. Қалаларда кеңселер ашады. Оның жарқын мысалы – «Гарант24 Ломбард» қаржы пирамидасымен болған оқиға. Онда 17 мың адам жәбірленуші болып танылды, ал шығын мөлшері 30 млрд теңгеден асты. Өйткені бұл компания да бір жыл емін-еркін жұмыс істеді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева.