Қапал ауылының тұрғындары облыс орталығына сабылып, ем алуға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жауаптылардың айтуынша, шалғайдағы ауылға жас мамандар баруға құлықсыз
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысының Қапал ауылында зәулім емхана қаңырап бос тұр. Өйткені ауылдық округтегі 7 мыңға жуық тұрғынды жалғыз дәрігер қабылдайтын көрінеді. Ал аудан және облыс орталығына сабылып ем алып жүрген халықтың төзімі таусылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қапалдықтар сапалы ем тұрмақ, алғашқы медициналық көмекке зар болып отырғанын айтты. Ауылдағы емханада жалғыз дәрігер мен медбикелерден басқа маман жоқ. Сондықтан көпшілік жүздеген шақырымдағы Жансүгіровке, Талдықорғанға барып емделуге мәжбүр. Жол шығынын да көпшіліктің қалтасы көтермейді. Одан бұрын ауру асқынып, қабақ жарылып, қол сынатын оқыс жағдайда азаматтар қалаға жеткенше жанын шүберекке түйіп барады.

– Қалаға апарып, қызымның қабағын тіктірдім. Ұлымның қолы сынғанда да қалаға бардық. Науқастарға ауылда барлық жағдай жасалғаны жөн, – деді Қапал ауылының тұрғыны Алмас Нүкенов.

Бір дәрігерге зар болып отырған ауылда кезінде терапия, хирургия, перзентхана бөлімшелері бар аудандық аурухана болған. Оның қаңырап қалуының бірнеше себебі бар көрінеді. Соның бірі – елдімекеннің аудан мәртебесінен айрылуы. Екіншіден, ауыл тұрғындары аталған жағдайға ақ халаттыларды кінәлайды. Ал аудандағылар «мәселе кадр тапшылығында» дейді.  Олардың айтуынша шалғайдағы ауылға жас мамандар баруға құлықсыз.

– Біздің ауданда ғана емес, мемлекет бойынша медицина қызметкерлері, оның ішінде дәрігерлер тапшы. Ауданда 15 маман жетіспейді, – деді Ақсу аудандық ауруханасының бас дәрігері Байқадам Құрымбай.  

Бас дәрігер маман тапшылығының қашан, қалай шешілетінін айтпады. Мәселені біржақты етуге тырысқан ешкімді байқамадық. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасына да маман табудың басты мәселеге айналғанын айтты.

– Бір хирург жұмыс істеу үшін, ауруханаға 15 мың адам тіркелуі керек. Қапал ауылында ондай адам жоқ. Бір гинеколог маманды шақыру үшін, 3300 туу жасындағы әйел болуы керек, ал бізде  574 әйел бар. Жағдайды бақылап отыру үшін бір терапевт, бір педиатр және жылжымалы медициналық кешен бар, – деді Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Сымбат Қайрат.

Жетісу облысындағы мәслихаттың шешімі бойынша, ауылға келген медицина мамандарына 5-10 млн теңгеге дейін беріледі. Бұл – әзірге маман тапшылығын қалыпқа келтіру үшін қарастырылған жалғыз қадам.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Наурызбай ауданында екі жаңа емхана салынады

Новости партнеров