Қазақстан дінаралық диалог алаңына айналды

Almaty.tv
Almaty.tv
Іс-шараға әлемнің 180-нен астам БАҚ келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары бас қосып, ертең өтетін VII съезді талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бейбітшілік және келісім сарайында өткен жиында съездің негізгі тақырыптары бекітіліп, модераторлардың кім болатыны белгіленді. Жиналғандар бір ауыздан осы жолғы съезде пандемиядан кейін адам өмірін қалай жақсартуға болады деген тақырыпта пікір алмасуға келісті. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл мәселені дін басшыларымен талқылау аса маңызды екенін айтады. Себебі дәл осы діндар адамдар халықтың рухын көтеріп, әлемде тепе-теңдікті сақтауға септеседі дейді.

«Бұл шараның әлемде бейбітшілікті нығайтуға бағытталғаны бәрімізге мәлім. Қазақстан діни диалог алаңын ұсынып қана қоймай, бейбітшілікті сақтауға септесетінін айтқым келеді. Дәстүрлі шараға әлемнің 50-ден астам елінен 100  делегат келіп отыр. Ертеңгі съезде заман талабына сай туындаған сұрақтарды талқылап, оның шешу жолын қарастырамыз деп сенемін», – деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев.

Әр үш жыл сайын ұйымдастырылатын іс-шараға дін башсыларынан бөлек әлемнің 180-нен астам БАҚ келеді. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, CNN, BBC, Blumberg сынды шетел ақпарат көздері Қазақстанды бейбітшілік алаңы ретінде көрсетеді. Сонымен қатар, сенат спикері Әлемдегі геосаяси шиеленістер мен қақтығыстар артып келе жатқанда, ынтымақты көздейтін мұндай шараның өтуі маңызды. Ал Қазақстандық католик Томаш Пета әлемде келісім мен бейбітшілікті сақтау жолында осындай іс-шара көптеп өткізу керек деген ойын білдірді.

«Бұл съезге миллиондаған ақша жұмсалып жатыр. Бірақ екі елдің арасындағы соғыс ақша ғана емес, адам шығынын да көптеп алып келетінін ұмытпайық. Дін басшыларының бас қосып, жаһандағы түйіні тарқамаған мәселелерді талқылап, шешімін осындай жерде тауып жатқаны қуантады. Менің ойымша, съездің мақсаты – соғыссыз бейбіт түрде қордаланған проблемаларды тез арада осындай алаңда шешу. Бұл жағынан Қазақстанның ұтары көп», – деді Рим - Католик архиепархиясының архиепископы-митрополиті Томаш Пета.

Новости партнеров