Бүгін Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті. Шараға мемлекеттік және жеке мекемелердің басшылары, партия өкілдері, сондай-ақ, «Adaldyq Alany» жобалық офистерінің өңірлік жетекшілері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
200-ден астам адамның басын қосқан форумда сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресу мәселесі талқыланды. Өз кезегінде, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев сандық жүйеге көшу жемқорлықты тамырымен жояды деді. Мәселен, Алматыда цифрлық сауаттылық деңгейі 82 пайызға жеткен. Соңғы 9 ай ішінде мемлекеттік қызметтің 95 пайызы электронды форматта көрсетілген. Қазір жүйе 80 пайызға автоматтандырылған.
«Адалдық алаңы бұл қоғам мен мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауының жаңа форматы. Алматы еліміздегі ең ірі мегаполис. Қазақстанның әрбір 10 тұрғыны біздің қаламызда өмір сүреді. Шағын және орта бизнестің де басым көпшілігі біздің қаламызда орналасқан. Бұл деген мемлекет пен бизнестің көптеп іс-қимыл жасауына алып келері сөзсіз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Форумда сөз алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы айтылған ұсыныстарды жазып алғанын айтты. Сөзінше, мәселе ортақ болғандықтан, біріге шешкен жөн деді.
«Байлық неге керек, адалдап жинамасаң, билік неге керек, әділдікті құрмасаң дейді». Баяғы біздің даналы сөздерде үлкен мән жатыр. Қосымша сөздер айтудың да керегі жоқ. «Әкім адал болмаса, жұрт бұзылады, сауда адал болмаса, нарық бұзылады» дейді. Сондықтан, егерде біз өзіміз таза, парасатты және адал болсақ, менің ойымша сыбайлас жемқорлық болмайды, мен оған сенемін», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ