1 наурыз - алғыс айту күні
Алғыс айту күні – көпұлтты елді біріктіретін мереке жыл сайын 1 наурызда тойланады. Мереке қарсаңында Алматы ұлттық кәріс орталығы төрағасының орынбасары Георгий Кан жеке өзі үшін алғыс айтудың нені білдіретінін айтып берді.
«Алғыс күні - мен үшін, Қазақстанның барлық кәрістері үшін және біздің отбасымыз үшін мейірім мен жылылыққа толы мереке. Өйткені 1937 жылы мұнда кәрістер жер аударылған. Олардың арасында біздің әкелеріміз, аталарымыз бар. Бестөбе тауының баурайында жәдігерлерді сақтадық, онда жеркепелерден қалған шұңқырлар, ата-бабаларымыздың бейіттері бар. Сол жерге «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішін орнаттық. Бұл алғашқы алғыс ескерткіші, келіп гүл қоятын монументке айналды», - деді Г. Кан.
Спикердің айтуынша, аталған мереке қиын кездері Қазақстанға жер аударылған ұлттардың бастамасымен туындаған.
«Сол жылдары бізді сенімнен айырылған адамдар ретінде әкелгенде қазақтар біздің аман қалуымызға көмектескенін бала кезімізден еститінбіз. 1937 жылы қалың күзде, қар жауып тұрғанда, қазақтар көмектеспесе, қалай күн көретін едік. Сондықтан бұл біздің мейірім мен жылылыққа толы төл мерекеміз. Алғыс айту күніне біз бастамашы болдық, қарапайым рахмет айтып, «біз қазақ халқына ризамыз» деп айту керек! Өйткені, бұл біздің парызымыз, оны әрқашан есте ұстауымыз керек», - деп толықтырды спикер.
Сонымен бірге ол жан тебірентерлік естелікпен бөлісті, оны ол ерекше жылылықпен еске алды.
«Биыл жазда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылында болдық. Ол жерге кәрістер 1937 жылы әкелінді. Далаға әкеліп тастады, аман қалды, өмір сүрді, өлді. Ол жерлерде кәрістердің бейіттері болған. Көбі оқуға, жұмыс істеуге кетті, бейіттер қалды. Содан бір көктемде Жайық бұл бейіттерді шая бастады. Мен осы жазда сол жаққа барып, адамдармен кездестім. Жергілікті тұрғындар бейіттерді қайта жөндеп қою керектігін айтты. Қазақта «өлі разы болмай, тірі баймайды» деген бар даналық бар. Олар тірілерге ғана емес, өлілерге де көмектесті. Мен таң қалдым. Біз қазір осы адамгершілік фактіні мәңгілік ету үшін барлығын жасап жатырмыз», - деп бөлісті Г. Кан.
Сондай-ақ спикер осы адами қасиеттердің арқасында бүгінде Қазақстан халқы достық, бірлік пен келісімде өмір сүріп жатқанын айта келе, соған байланысты баршаны шүкіршілік етуге, игі істер жасауға, жақсы амалдарды естен шығармау керектігін еске салды.