Елімізде некеден тыс туған балаға да әкесінің алимент төлеп тұруы міндетті болмақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетерлігі, бүгін ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында баланың құқықтарын қорғау мәселесі қаралды.
Жиында С.Бычкова баланың құқықтарын қорғау мәселесі жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар көзделген заң жобасын таныстырған еді.
«2018 жылдың маусымында Конституциялық кеңеске үндеу жолданып, онда ер-азаматпен некеде тұрмаған аналар дүниеге әкелген балалардың бұл тұрғыда құқықтары шектелгені көрсетілген. Егер еркектер оларға алимент төлегісі келмесе, онда балалар алименттен қағылады. Сондықтан түптеп келгенде ондай балалар некедегі әйелдерден туған балалармен теңестірілген еді. Бұл ретте жағдайға байланысты нақты шарттарды сот айқындайды», - деді Мәжіліс депутаты отырыс қатысушыларының сауалына жауап бере келе.
Талқылау барысында Неке және отбасы туралы кодекстің 47-бабына толықтырулар енгізілетіндігі аталып өтілді. Аталған толықтыруларда ер-азамат некеден тыс туған ортақ балаларын асырау үшін оның анасының шығындарын өтейтіндігі көзделген. Сонымен қатар, дәл осы нормада сот ақша қаражатының көлемі мен төлем мерзімділігін тараптардың материалдық және отбасылық жағдайына байланысты айқындайтындығы көрсетілген.