Павлодар облысы Ақсу қаласында салынып жатқан әлеуметтік нысандардан олқылық анықталды. Бұл мәселе Мәжіліс депутаттарының өңірге жұмыс сапары кезінде белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аймақтағы фельдшерлік амбулатория мен дене шынықтыру кешенінің құрылысымен танысқан халық қалаулылары нысанның бекітілген кестеден кешігіп салынып жатқанын айтты. Одан бөлек, шағын елдімекенде ауыз су мен жол мәселесі де өзекті. Мәжіліс депутаты қордаланған түйткілдерді жауаптыларға жеткізетінін айтты.
– Қазір біз Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылында тұрмыз. Жолдың нашар екенін өзіміз көлікпен келген кезде көрдік. Тұрғындар да шешілмей келген түйткілге қатысты шағымданды. Сондай-ақ ауылда көріктендіру мәселесі ақсап тұр. Әлеуметтік нысандарды салу кезінде артылған қаржыға саябақ салуға болады. Облыс әкімдігінің жауапты басқармалары мұндай жаңалықтан хабарсыз. Мәселені жиында кеңінен талқылаймыз, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов.