Апатты үй: атыраулықтарға баспана кілті табысталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Атырау қаласында 77 апатты тұрғын үй бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға жаңа үйдің кілті табысталды. Кезекте тұрған 32 отбасы қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елена Қабдырешева 30 жылдан бері апатты деп танылған екі қабатты пәтерде тұрып келген. Жаңа үйге көшіп келген әйел 2 ай бойы туыстарын жағалап, көлігінде түнеген кезін еске алды. Қиындықтың барлығы артта қалды деп көз жасына ерік берген ол «сенер-сенбесімді әлі де білмей тұрмын» дейді.

– Балықшыда тұрғаныма 30 жыл болды. Биыл жаңа баспанаға ие болдым. Әкімдікке алғыс айтамын, Алла разы болсын! Көп жылдан бері армандап жүрмін, – деді қала тұрғыны Елена Қабдырешева.

Ел игілігі үшін берілген баспанада инфрақұрылым жүргізілген. Әр бөлменің іші кең, жылы, барлық қажетті техникамен жабдықталған. Ал әкімдіктегілер баспана беру мәселесінің күн тәртібінде екенін айтты.  Атқамінерлердің сөзінше, тұрғындарды үймен қамту кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.

– Кезекпен берілген оның ішінде әлсіз топтар, жетім балаларға көпбалалы аналарды қосқанда биыл 132 пәтер берілді. Министрлік бекіткен Үкіметтің хаттамасы бойынша жұмыс жүріп жатыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасына биыл 2 мыңнан аса адам өтінім жазды, – деді ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің меңгерушісі Гүлжамал Жолдасова.

Айта кетейік, бүгінде Атырау қаласында 77 апатты тұрғын үй бар. Ал оларды көшіру жұмыстары жоспарға сай жалғасады. Өңірде 21 мың адам баспана кезегінде тұр. Олар – әлеуметтік осал топтағы азаматтар.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Атырауда тағы да екі жеткіншек суға кетті

Новости партнеров