Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының бас директоры қамауға алынды

04.03.2019 20:36

«Бейбітшілік және Келісім Сарайы» МКҚК Астана әкімдігінің иелігінде

tengrinews.kz

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының бас директоры Әділ Арын қамауға алынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сот шешімімен ол 26 сәуірге дейін қамауға алынған.

«1980 жылғы Әділ Арынға қатысты Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты екі айға және 2019 жылдың 26 сәуіріне дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады», - деп хабарлады елорда сотының баспасөз қызметінің өкілдері.

Сот шешімі 28 ақпанда шыққан. Бейбітшілік және Келісім Сарайы Қазақстан жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі. Жоба авторы белгілі ағылшын архитекторы Норман Роберт Фостер.

Елордада Пирамида тәріздес сарай бой көтерсе, әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса деген идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съезінде ұсынған болатын.

Мемлекет басшысының идеясы съезге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі конфессиялардың көшбасшыларының үлкен қолдауын тапты. Әлемнің ең жас елордасы Астана қаласында 2006 жылы қайта қауышқан съезд делегаттары екінші бас қосуын жаңа, бірегей ғимарат - Бейбітшілік және Келісім Сарайында өткізді.

Ұйымның сайтындағы мәлімет бойынша, «Бейбітшілік және Келісім Сарайы» МКҚК Астана әкімдігінің иелігінде.