«Иттің жақсысы – тазы»: елімізде неше асылтұқымды ит бар

Almaty.tv
Almaty.tv
Былтыр Қазақстанда қазақы иттің бірыңғай стандартын бекітіп, тұқымын сақтауға Президент пәрмен берген еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың төбеті мен тазысы жоғалудың аз алдында тұр. Ит жүгіртіп, құс салған халықтың саятшылығында да, тұрмысында да өз орны бар асылтұқымдылардың қазір елде нақты қаншасы бар екені де белгісіз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Аттың жақсысы – бозы, иттің жақсысы – тазы». Қашқан аңды қалт жібермейтін құмай тазыны жеті қазынасына балаған жұрттың ұлттық құндылығы да осы қазақы тазы-төбет еді. Қазір олардың күрт азаюы көпті алаңдатып отыр. Ежелден «жарғақ құлақ», «шашақ құлақ» деп екіге бөлінгенімен, тұқымына қарай «дүрегей тазы», «қайың қаптал тазы», «құмай» мен «құны тазы» аталған түрдің қай-қайсын алып қарасаңыз да, шығу тегінің қазақ жерінен бастау алатынын білуге болады. Дегенмен бұл деректі әлі әлем жұрты мойындай қойған жоқ.

– Жалпы, Қазақстанда тазы саны өте көп. Бірақ таза тазы өте аз, оның саны 300-400 болуы мүмкін. Қазақтың тазысын аман сақтау үшін біз патент алуымыз керек. Ол үшін 1000-ға жуық тазы болуы керек. Сол мақсатқа жету үшін көрме ұйымдастырып жатырмыз, – деді тазы иттер бойынша сарапшы Нұрғали Нұрышев.

– Қазақи иттің екі-ақ тұқымы бар ғой: тазы мен төбет. Басқа елдерде иттің 30-40 түрі бар. Тазының сапалы түрі сақталып қалды. Соны көбейтуге атсалысып жатырмыз, – дейді Қазақстан кинологтар одағының сарапшысы Айбол Алпысбаев.

Әркім әр аймақта, жеке асырағандықтан, біріншіден, тазының нақты санын, екіншіден, асылтұқымдысын анықтау қолға алынып жатыр. Ал жайшылықта білінбегенімен, аңға салғанда айбатты көрінетін жануарға қазір шет мемлекеттерден сұраныс жоғары.

– Тазының саны өте көп. Оның ішінде дүбәра да бар, тазасы да бар. Олармен жұмыс істеу оңай. Ал төбетке келсек, төбет таза қалпында сақталып қалған жоқ. Бәрі  шата. Соларды анықтап, бір-бірімен будандастырып жұмыс істеп жатырмыз, – деді «Жеті қазына» ассоциациясының басшысы Сұлтан Ибрагимов.

Төбет демекші, бүгінгі түрікмен алабайының атасы саналатын қазақы төбеттің 1940 жылғы санақта 19 мыңы бар деп көрсетіліпті. Қазір саны небәрі 1 мыңның айналасында қалған иттің тек 170-і таза төбет деген дерек бар.

Төбеттің салмағы 50 келіден асады. Аяқ алысы, сүйек бітімі мен тісінің тазалығына қарай қазір мұндағы әр ит тексеруден өтіп жатыр. Ал тұқымы таза тазы-төбеттердің санын көбейту – басты міндет.

Көрмеде асылтұқымдылардың аражігін анықтайды. Ал былтыр Қазақстанда қазақы иттердің бірыңғай стандартын бекітіп, тұқымын сақтауға Президент пәрмен берген еді. Алайда қос иттің қазаққа тән екенін әлем білгенімен, мөр басып меншіктеп ала алмадық. Сібірде де тазы бар екенін ескерсек, талас тууы мүмкін деген күмән бар.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров