Қазақстанда жүктілікке және босануға байланысты берілетін жәрдемақы көлемі артты

30.01.2019 21:31

Қазақстанда биыл жүктілікке және босануға байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақы көлемі 5 пайызға артты. Бұл өзгеріс еліміздегі ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты орын алды дейді мамандар. Жұмыс істейтін әйелдер жүктілікке байланысты берілетін төлемді «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан» алады, деп хабарлайды Almaty.tv.  

«Егер әйел жүктілікке байланысты медициналық бюллетеньді алып келсе, сол параққа сүйеніп 126 күн беріледі. 70 күн бала туғанға дейін, 56 күн бала туғаннан кейін деп есептеледі. Соған сүйеніп, біз әйелдің 12 ай мөлшеріндегі табысын аламыз, он екіге бөліп, соның орта айлық табысын есептейміз. Сол орта айлық есебі 4,2 коэффициентке көбейтіледі. Мысалы, әйелдің орта айлық есебі 200 мың боп шықса, оның 4,2 көбейткенде ол бізден 840 мың теңге ала алады», – деді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басшысы Гүлсара АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.    

Жұмыс істейтін әйел баласын аман-есен босанған соң, аталмыш қордан нәрестесі бір жасқа толғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа табысының 40 пайызы мөлшерінде көмек ала алады. Ал жұмыс істемейтін әйелдерге бұл жәрдемақы республикалық бюджеттен төленеді. Бірінші балаға – 14 мың 544 теңге, екінші балаға – 17 мың, үшінші балаға – 20, ал төртінші және одан да көп перзентті болғанда – 23 мың теңгедей беріледі. Бала туғанда берілетін біржолғы жөргекпұл жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге де республикалық бюджеттен, бірдей мөлшерде үлестіріледі. Бірінші, екінші және үшінші балаға – 96 мың, ал төртінші, бесінші, алтыншы және одан көп бала босанғандарға – 159 мың төленуі тиіс.