Бұл мәселеге білім бөлімінің айтар өз уәжі бар
Түркістан облысында оқушылар мектепке сыймай, дәлізде сабақ оқуға мәжбүр. Үш ауысымда білім беретін Қазығұрт ауданындағы оқу ордасының кей кабинетін тіпті мұғалімдер өздері қалыпқа келтіріпті. Өйткені жергілікті биліктен алты жылдан бері қайыр болмаған. Бұл мәселеге білім бөлімінің де айтар өз уәжі бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылында мектепке оқушы сыймай жатыр. 600 орындық білім ұясында мыңнан аса бала үш, кейде төрт ауысымда сабақ оқуға мәжбүр.
«Ауданның, ауылдың әкімдерінің бес-алтауы ауысты. Содан бері қарай, міне, «биыл, келер жылы» деп сағызша созылып келе жатыр. Балалар үш ауысым емес, төрт ауысымға дейін жетті. Бірінің үстіне бірі шығып, мектепте оқып жатыр», - деді Шарбұлақ ауылының тұрғыны Жүнісбек Құранбеков.
Ауылдағы алғашқы мектеп 70 жыл бұрын салынған. Кейіннен ғимараттың екінші бөлігі 1982 жылы бой көтеріпті. Ал 2018 жылы алғашқы бөлігі қолданысқа жарамсыз деп танылып, содан бері бүкіл шәкірт 40 жылдық білім ұясында жүр. Кабинетке сыймағандарына ұстаздар дәлізде сабақ өтуге бел буыпты. Ондағы сыныптың өзін өз күшімен қалыпқа келтіріпті.
«Оқушы санының көптігіне байланысты оқушыларды қайда апарарымызды білмейміз, дәліздеріміз үлкен болғандықтан оқу кабинеттерін ашып едік. Өйткені оқушыларды далаға оқытпаймыз ғой. Қазір алты сынып дәлізде ашылған кабинетте оқиды», - деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұхитжан Батырбек.
Акт залы мен дәлізде білім алып жүрген оқушылардың жағдайынан жергілікті билік те хабардар екен. Бірақ қол қысқа. Ауыл билігінің бар амалы –әзірге алты жылдан бері созылып келе жатқан бюджет қаржысын күту ғана.
«2021 жылы 1 млрд 600 млн теңгеге жобалау сметалық құжаттары сараптамадан шықты. Бірақ облысқа өткеннен кейін облыстық құрылыс басқармасы қайта өзгерту енгізді. Ол 23 жылы сараптамадан шықты. Қазіргі таңда конкурстық құны – 1 млрд 965 млн теңге», - деді Қазығұрт ауданы білім бөлімінің бас маманы Әмірхан Мамытбеков.
Биылға Шарбұлақтағы жаңа мектепті салуға 10 миллион теңге бөлініпті. Бірақ құрылысы әлі басталмаған. Ал қолданысқа беру мерзімі келер жылды көрсетіп тұр. Оған дейін оқушылар мектептің бос бір қуысынан орын алып, сабақ оқуға мәжбүр.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Алматының мектеп асханаларын комиссия бақылайтын болады