Мәдина балалар үйінен кейін бірден қыстауға келген
Қарағанды облысында біреулер жасөспірім жетім қызды шалғайдағы қыстауына алдап алып кетіп, 20 жылдан астам уақыт бойы күңдікте ұстаған. Қоғам белсенділері адам еңбегін қанаушыларды жазаға тарту үшін күресіп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.
Мәдина балалар үйінен кейін бірден қыстауға келген. Ол кезде жасы 16-да болыпты. Қожайыны оған қамқорлық жасауға уәде береді. Өз бөлмесі және тамақ пен қажетті заттың барлығы болатынын айтқан. Алғашқыда бәрі жақсы болған. Алайда бір жылдан кейін оның өмірі тозаққа айналады. Фермаға жаңа қожайын келеді.
Мәдина таңертеңнен кешке дейін ауыр жұмыс істейді. Сиыр сауады, малға жем-шөп береді, сарайды тазалайды. Осындай еңбегі үшін азғантай тамақ береді және ұрып-соғады. Тіпті зорлайтын болған. Күңдікте жүргенде үш баланы өмірге әкеледі. Оның бірі – үй иесінің ұлы.
Былтыр мамыр айында «Қайсар» қорындағылар Мәдина мен балаларын күңдіктен босатты.
Қазақстандағы халықаралық көші-қон ұйымы баспасөз қызметінің мәліметінше, қорғаушылар зорлық көрсетуге қатысты арыз бергенімен, іс жабылған. Тіпті сексуалдық зорлық, баланың әкесіне қатысты да дәлелдер ескерілмепті. Осылайша, Мәдинаны еңбек құлдығында ұстағандар әлі күнге дейін жазаланбай жатыр. Десе де, қазір ҚР ҚК 126-бабы бойынша іс қозғалған.
«Қайсар» қоғамдық қорының өкілі Оксана Тарабукинаның айтуынша, іс зерттелмеген. Мәселен, медициналық қызметке қол жетпеуі, материалдық тәуелділік және өзге де дәлелдемелер есепке алынбапты. Адамды қанауға қатысты элементтер еленбеген. Оксана Тарабукина Мәдинаның жағдайы адам саудасының классикалық үлгісі екенін айтады. Бірақ қоғам белсенділері бұны дәлелдей алмай келеді.
Оксананың айтуынша, ол өз еркімен жұмыс істеуге келмеген. 16 жасында балалар үйінің тәрбиешісі алдап, алып кеткен. Бірақ істе оның өз еркімен жұмыс істеуге келгені айтылады.
Оксана Қазақстанда еңбекті қанаудың құрбандарын қорғайтын бір де бір заң жоқ екенін айтады. Қолданыстағы заң іс жүзінде қолданылмайды. 128-бап жұмыс істемейді.
Адам саудасына қарсы күрес және мәжбүрлі еңбек құрбандарын анықтауды жақсарту мақсатында ҚР ІІМ мен Қазақстандағы халықаралық көші-қон ұйымы мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, пилоттық жобаны іске қосты. Мобильді топтар Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарында жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына полиция, еңбек инспекциясы, прокуратура және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.
Мобильді топтар шалғай аудандардағы шаруашылықтарға, фермаларға барады. Ол жерде адам саудасы, мәжбүрлі еңбек және адам саудасының құрбандарына көмек көрсетуді көздейтін құқықтық актілер туралы айтылады.