Алматылық тұрғын лимон өсіріп, жылына 6 тоннаға дейін өнім алады

Almaty.tv
Almaty.tv
Цитрустық өсімдіктің гүлдеп бүршік жарып, көгеруі мен пісіп жетілуіне 9 айдай уақыт кетеді дейді мамандар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық Анна Баширская қалада алғашқы болып лимон өсірген. Қожалық иесі 26 жылдан бері қажырлы қызмет етіп, енді сол еңбегінің жемісін теріп алып жүр. Ол өсірген лимонарий әр 9 айда 5-6 тонна өнім береді екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кәсіпкер өсірген лимонарий қазір жайқалып өсіп тұр. Оның көшеті жылыжайға 1986 жылы Өзбекстаннан әкелінген екен. Әу баста тропикалық аймақтарда өсетін жемісті Алматыда жерсіндіру оңайға соқпапты. Десе де, мамандар бүгінде лимонды баптаудың қыр-сырын әбден меңгеріп алған.

Лимон ағашының осылай нығайып, жеміс беруі үшін оны 5 жылға дейін күтіп-баптау керек. Ал бір түптің өзінен орта есеппен 50-60 келіге дейін лимон теріп алуға болады. Бұл өсімдіктің ең бір артықшылығы – оның өнімі жылдан жылға көбейе береді.

Лимонды баптау үшін аса төзімділік пен еңбексүйгіштік керек. Себебі мамандар айлар бойғы жұмыстың нәтижесін негізінен қазан-ақпан айларында ғана көреді екен. Цитрустық өсімдіктің гүлдеп бүршік жарып, көгеруі мен пісіп жетілуіне 9 айдай уақыт кетеді дейді мамандар.

«Жылына бір рет гүлдейді. Қазір дәл өнім жинайтын кезең басталды. Кейде сәуірге дейін лимон теріп алуға болады. Одан кейін ағаштың жапырақтары түсіп, қайта көктейді. Жалпы жеміс беру процесі қайта басталады», – деді лимонарий қызметкері Сабиля Жақсыбаева.

Лимонарий өнімдерін тек жылыжайға тиесілі дүкеннен ғана сатып алуға болады. Қожалық иелері одан өзге, үй өсімдіктері және аскөк пен ақжелкен өсіреді. Әр өсімдікке ерекше күтім қажет дейді жылыйжай қызметкерлері.

«Аптасына 2 рет суғарамыз. Күн сайын жапырақтарына су бүркіп отырамыз. Ағаштар тек жақсы күтіп-баптаса ғана жақсы өнім береді. Лимон – ылғалсүйгіш өсімдік», – деді Сабиля Жақсыбаева.  

Кәсіп иелері лимонның бұл түрін асылдандырып, жоғарғы сортын өсіруді мақсат етіп отыр. Онымен қоса, қаладағы лимонарий санын көбейтпек ниетте.

Айта кетейік, елімізге лимон негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Грекиядан әкелінеді.

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров