Ел бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жаңа 2 607 басқару нысаны құрылды

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында мүлік иелері бірлестігі көп құрылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Республика бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 2 607 жаңа басқару нысаны құрылды. Бұл туралы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында мүлік иелері бірлестігі көп құрылған. Ал, ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында.

«2020 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР заңы күшіне енді. Заң мынадай негізгі мәселелерді шешуге бағытталған. Солардың бірі – «Бір үй, бір бірлестік, бірі есепшот» принципі бойынша мүлік иелерінің бірлестігі коммерциялық емес ұйымының жаңа нысанын құру жолымен басқару органдарының қызметін реттеу болып табылады», – деді  «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков.

Пәтер иелері ортақ мүлікті басқарудың жаңа түріне көшпеуге де құқылы. Алайда онда жаңа заң ұсынатын бірнеше жеңілдіктен қағылады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы күрделі жөндеу өткізе алады. Жедел сатыны ауыстыруға да осындай жеңілдік бар. Сондай-ақ, әкімдік басқарудың жаңа түріне көшпеген тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын бірыңғай сәулеттік келбетке келтіру үшін қаржы бөле алмайды. Мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестікте осындай артықшылықтар бар. Сондықтан пәтер иелерінің бәрі осы басқару формасының бірін таңдауы керек», – деді  «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков.

Гаухар Әбенова Нұр-Сұлтан қаласындағы үйлердің бірінде құрылған мүлік иелері бірлестігін басқаруды қолға алыпты. Мұндай шешім қабылдамас бұрын, тұрғындар бірнеше кеңес өткізген. Бұрын-соңды жинаған ақшаларына есеп ала алмай, не үйлерінде тәуір жұмыс жүргізілмей қиналған жұртшылыққа мұндай бірлестік өте тиімді деп отыр. ¤

«Қазір енді өз үйімізге өзіміз ие болғаннан кейін толық жөндеуге жеке арнайы банкте есеп ашылады. Бір емес екі счет.... Тек қана өзіміздің үйіміздің, туған шаңырағымыздың деп айтуға болады ғой. Мына жерде кісілердің қолдауымен, олардың алдына жауапты береміз. Жұмыстың барлығы көрініп тұрады», – деді мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Гаухар Әбенова.

Айта кетейік, пәтер иелері кооперативінің орнына мүлік иелері бірлестігін құрудағы мақсат – жұмсалған ақшаның ашықтығын қамтамасыз ету. Әр үйдің өз басқарушысы, өз есеп шоты болады. Ал жиналған қаражатты қайда, қалай жұмсау керегін, ай сайын қанша теңгеден ортақ қазынаға құйып тұру керегін тұрғындар өзі шешеді.

Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» арнасы

Новости партнеров