Отандық өндіріс: депутаттар қазынадағы қаржыны тиімді жұмсауды талап етті

Almaty.tv
Almaty.tv
Машина жасау саласында тиісті көрсеткіш орындалмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық өндіріс өрістемей тұр. Елде мемлекеттік қолдауға қарамастан, машина жасау саласында тиісті көрсеткіш орындалмаған. Жоспарлы жұмысқа соңғы 3 жылда 285 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алайда нәтиже көңіл көншітпейді. «Қаржыға есеп жоқ» деген депутаттар үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі жұмысын сынға алды. Санды айтып сақылдаған Қанат Шарлапаев мәжілісмендердің сауалына нақты жауап айта алмай абдырап қалды. Төменгі палата өкілдері жауапты ведомство басшысынан қазынадағы қаржыны тиімді жұмсауға талап қойды.

– 2023 жылдың қорытындысы бойынша шағын тораптық тәсілмен 13 мың автомобиль шығарылды, бұл сол жылы шығарылған көліктердің  9,7 пайызы ғана. Қалғандары тек құрастырылды, үрдіс автоөнеркәсіптің әдетіне айналып барады. Негізгі локализацияға көңіл бөлінбейді. Мемлекеттік қолдау кезінде тиімділік әлдеқайда жоғары болуы керек деп санаймыз, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов

Министр мәліметінше, алдағы 3 жылда отандық автокөлік өндірушілері алдына өндіріс көлемін 50 пайызға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Бастама негізінде Қостанай, Алматы қаласында автокомпоненттік базаны дамыту жобалары іске асырылады. Қазақстан тағы бір қытай автокөлігін құрастыруға көшпек. 2027 жылға қарай шамамен 200 мың темір тұлпар шығару жоспарланып отыр. Қанат Шарлапаев Қазақстанда көліктерге арналған пластикалық бөлшектер мен мультимедиялық жүйелер өндіретін кәсіпорын салынатынын хабарлады.

Новости партнеров