Қазіргі заманда қазақтілді ортаның экономикалық жетістікке жетуін, кәсіппен айналысып, әлемдік аренада ұлттық тілдегі брендтердің шығуына сеп болатын лингвоэкономикалық зерттеулер жүргізуді көздеген ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институты Zoom платформасында «Тіл және қоғам» тілтанымдық алаңында «Қазақ тілі және бизнес» атты ақпараттық-танымдық конференция өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Тіл білімі институтының ұсынып отырған тұжырымдамасының негізгі мақсаты ‒ экономика мен бизнестегі қазақтілді коммуникацияның сапасын арттыру, шағын және орта бизнестің әлеуетті ортасында ұлттық тілге табан тіреген және бизнес ақпарат контентін қазақ тілінде жасап, ұлттық экономиканың дамуына негіз болатын кәсіпкерлік бастамаларға ұлттық тілде сапалы контент қалыптастыруға ғылыми-тілтанымдық қолдау көрсету», ‒ деді институттың директоры Анар Фазылжан.
Конференцияда Тіл білімі институтының қызметкері, PhD докторанттары экономикалық дискурстағы ұлттық тілдің ахуалы туралы әлеуметтік тілтанымдық зерттеулері бойынша баяндама жасады.
«Ұлттық сананың негізі тілде жатыр. Алматы қаласында 60% тұрғын қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасай алады. 13%-ы түркітілдес диаспора өкілі, қазақ тілін жақсы біледі, қолданады. Сонда қала тұрғындарының 73% бір-бірімен қазақ тілінде байланыс орнатады. Бұл дегеніңіз – экономикалық байланыстың үлкен қозғаушы күші. Алматыдағы негізгі экономикалық тіл қазақ тілі болуы шартты. Алайда, шын мәнінде, солай ма?! 73% тұрғынның экономикалық құқығы қаншалықты орындалып жатыр, ол белгісіз», ‒ деді «Экономикадағы тіл және тілдегі экономика» атты баяндамасында PhD докторант Пиязбаева Ақмарал.
«Қазір кез келген сауда орынына барсаң, атауы да, өнімі де өзге тілде жазылған, я болмаса түсініксіз. Осы Ташкентке барсаң, өзбектер бар атауын өз тілінде жазып қояды ғой. Біздің де елдің кәсіпкерлеріне де осындай патриоттық сезім, жауапкершілік керек. Ол үшін бәріміз бірлесіп, Тіл білімі институты болып, заң жобасын әзірлеп, парламентке, министрлікке, президентке қайта-қайта ұсына беруіміз керек», ‒ деп ұсыныс білдірді академик, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әзімхан Сатыбалдин.
Шағын және орта бизнесті қалай жүргізу, бизнесті қалай қазақшалау керек екені жайында Атамекен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Бауыржан Оразғали:
«Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнесті дамыту үшін «Бастау бизнес» жобасын жасады. Осы жобаның аясында 200-ге тарта бизнес тренерлер ауылдарға барып, бизнесті қалай қазақ тілінде жүргізі керек екенін үйретті. Бизнес терминдерін түгелдей қазақшаға аударып, қарапайым ауыл азаматына бизнесті дамыту туралы білім беру бағдарламасын дайындады», ‒ деп, ағартушылық салада атқарылып жатқан жұмыстарын таныстырды.
Тіл білімі институтының қызметкері, PhD докторант Айнұр Баймұрза «Қазақтілді кәсіпкер портреті» атты бизнес өкілдері арасында әлеуметтік зерттеу сұхбат-сауалнамасын өткізген.
«Қазақтілді бизнес өкілдері ана тілін кәсіпте қолдануды азаматтық борышы санайды. Алайда бұл салада шешуге тура келетін көптеген мәселе бар. Атап айтсақ: қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартатын кәсіпорындардың көп болуы, қазақ тілі таңдалса да, орыстілді операторлардың жауап беруі, мемлекеттік мекеме сайттарының орыс тілінде болуы, құжаттардың көбі орыс тілінде рәсімдлуі, қазақтілді экономикалық терминологияның кенжелеп қалуы, орыс тілді ақпаратқа тұтынушының сенімінің жоғары болуы. Бизнес өкілдерінен бұл мәселені шешудің жолдарын сұрағанда, олар мынадай ұсыныс айтты: билік тарапынан қолдау, қадағалау шараларының болуы, ғалымдар тарапынан экономикалық зерттеулер жасау, кәсіпкерлер мен инвесторларды көптеп тарту, халық пен тұтынушыға жақын болу, нарықтағы сұранысты қанағаттандыру. Қазақтілді бизнес ортаны дамытуға барлық қазақтілді кәсіпкерлер мүдделі. Әрі олар қазақтілді экономикалық ортаның болашағынан үміттері зор», ‒ деді Айнұр Баймырза.
Тіл білімі институты маусымның 8-і мен 13-і аралығында Алматы қаласының әр саладағы тұрғындары арасында «Қазақтілді тұтынушының бейнесі» атты әлеуметтік зерттеу сауалнамасын жүргізді. Сауалнамаға 5234 қала тұрғыны, оның ішінде 99% қазақтар қатысқан.
«Біз жүргізген зерттеу сауалнама нәтижесі қазақтілді ортаның кәсіпкерлік және сауда саласында мемлекеттік тілде сапалы қызмет алуға деген өз азаматтық құқығын әлі де болса қорғай алмай жатқанынан көрініс береді. Қазір әлеуметтік интернет платформаларында «Қазақша жаз!» деген қозғалыс жүріп жатыр. Ірі компаниялар мен олардың қызмет көрсетуінде қазақша ақпарат ұсынуды тұтынушылар талап етіп жатыр. Мәдениетті түрде, заңдық негізде өз құқығыңызды қорғай біліңіздер. Мәселен, осындай талап етулердің нәтижесінде «Белый ветер» сауда желісі өз сайтын қазақшалады», ‒ деді сауалнама жүргізген мекеме қызметкері, PhD докторант Қуат Дүйсен.
Үш сағатқа созылған ақпараттық танымдық конференция тіл жанашырлары мен Тіл білімі институтының Ұлтық тілде экономикалық мәдениетті дамытудың тұжырымдамасын бірлесе жасап, заңдық негізде мемлекеттік органдарға ұсынуға келісумен аяқталды.
«Бүгінгі жасалған баяндамалар өте жоғары деңгейде болды. Тіл білімі институтының жастарына зор алғысымды білдіремін. Сіздер өзекті мәселелерді қозғап, маңызды бастаманы бастап отырсыздар. Енді осы бастама аяқсыз қалмаса екен тілегіміз бар. Оған сіз болып, біз болып бәріміз атсалысуымыз керек. Бұл жұмыстарда біздер – профессорлар, ақыл-кеңесімізді беріп, жастарға зор үміт артамыз», ‒ деді филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәлиев.