Ауыл шаруашылығын дамыту қарапайым жұмысшылар жағдайын жасаудан басталады. Егер жалақыға, баспанаға және жайлы жұмыс орнына қатысты мәселелер бір жолға қойылса, еңбек өнімділігі өздігінен еселенеді. Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков Шығыс Қазақстандағы агрофирма қызметкерлерімен кездесіп, осы тақырып төңірегінде әңгімелесті деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәселен, Шығыс Қазақстандағы майлы-дақылды тәжірибелік шаруашылығы – тек өңірдегі ғана емес, еліміздегі ірі агрохолдингтердің бірі. Бұл жерде ғылыми жаңалықтарды өндірісте қолданады. Тіпті, өзіндік зерттеу орталығын да ашып алған. Соның арқасында сүт өндірісін аз уақыт аралығында 5 есе арттырып отыр екен.
«Бір сиырдың басына шаққанда шамамен 8100 килограмм сүт береді екен. Ал, біз Қазақстан бойынша әлі 3000 килограмға жеткен жоқпыз. Егерде орта есеппен біз Қазақстан бойынша 8100 килограмға жеткізетін болсақ, қосымша Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында экспорт арқылы тек қана сүттен 10 млрд доллар пайда табуға болады екен», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ.
Ауыл шаруашылығын дамыту мен экспорттық әлеуетті арттыру үшін жұмысшыға жағдай жасалуы қажет. Сондықтан, Төлеутай Рақымбеков осы мәселеге жіті көңіл бөлу керектігін айтады. Оның үстіне жоғары жалақы іздеп, қалаға көшіп жатқан жұртты тоқтату үшін ауылдарға, шалғай жатқан елді мекендерге қолдау күшейтілуі тиіс.