Үкімет сондай-ақ, білім мен ғылымды дамытудың жаңа бесжылдық бағдарламасын да мақұлдады
Ал шалғай жатқан ауылдардағы медициналық қызметкерлер қатары 13 пайызға артпақ. Үкімет отырысында бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осылай деді. Айтуынша, алдағы бес жылда басты көңіл педиатрия, оңалту және және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қойылмақ. Үкімет сондай-ақ, білім мен ғылымды дамытудың жаңа бесжылдық бағдарламасын да мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ең алдымен, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қорытындысын жариялады. Оның дерегінше, Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асты. Жалпы өлім 2 пайызға, ана өлімі 13, нәресте өлімі 4 пайызға, ал туберкулезден көз жұму 41 пайызға төмендеді.
«Медициналық қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға өсіп, дәрігерлер тапшылығы 2,7 есе азайды. Денсаулық сақтауға инвестициялар екі жарым есе өсіп, 147 млрд теңгеге жетті ағымдағы жылда. 469 жаңа медициналық объектілер іске қосылды. Медициналық информациялық жүйелер барлық мемлекеттік медицина ұйымдарында енгізілді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ..
Министрдің айтуынша, алдағы бес жылда медицина сапалы және қолжетімді бола түседі. Атап айтсақ, халықтың денсаулыққа жеке шығындары 39 пайыздан 27 пайызға төмендемек. Құрал-жабдықтарды жаңарту мен тарифтерді жетілдіру көзделген. Президент тапсырмасы бойынша, медициналық мекемелерді техникамен жабдықтау 100 пайызға жетеді. Мұнымен қатар тозған ғимараттардың саны 32 пайызға төмендейді.
«2025 жылға дейін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде халықаралық стандарттарға сай 19 заманауи көпсалалы аурухана салынады. Бұған 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Бұл жұмыстар ірі халықаралық жеке инвесторлар арқылы орындалады. Бұл мақсатта осы жылдың 11 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасындағы ниет туралы меморандумға қол қойылды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Айтарлықтай өзгерістер білім саласында да болады деп күтілуде. Мәселен, 2025 жылға дейін елімізде 650 мыңнан астам орынға 800 жаңа мектеп бой көтермек. Білім ошақтарын мемлекеттік бюджет және жеке инвестиция тарту арқылы салу жоспарланып отыр. Оған 876 млрд теңге бөлінеді. Нәтижесінде 3 ауысымды мектептер мен орын тапшылығы шешіліп, апатты мектептердің саны азаймақ. Шалғай жатқан ауыл мектептерінің мәселесі де қолға алынбақ. Үкімет отырысында тағы бір маңызды мәселе - қалалық және ауылдық мектеп арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту жайы да талқыланды.
«PISA деректері бойынша қазіргі уақытта алшақтық 1,5 жылды құрайды. Бұл алшақтықты қысқарту үшін кешенді шаралар қабылданды. Ең бастысы, білікті педагогтермен қамтамасыз ету үшін шағын жинақталған мектеп педагогтеріне еңбекақы төлеу жүйесі өзгертіледі және ауылдық мектептерді оқу материалдарымен, компьютерлік жабдықтармен және цифрлық техникамен, цифрлық ресурстармен толығымен қамтитын боламыз. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 150 млрд теңге арнайы қарастырылып отыр», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ, балабақша, мектеп және колледж директорлары енді жаңа жүйе бойынша тағайындалатынын да айтып өтті. Жеткізуінше, бірқатар ұйым басшысы 20 жылдан астам уақыттан бері бір орында жұмыс атқарып келеді. Ал кейбірінің басқару менеджменті мүлдем сын көтермейді. Сондықтан алдағы уақытта ротациялау жүйесі қолданылмақ. Заманауи талаптарға сай білім саласы да дербес басқарудан корпоративті басқаруға көшетін болады. 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамытуға бағытталған бағдарламада балалар арасындағы суицид пен мектептегі буллинг мәселесін шешудің амалдары да қарастырылған.
«Буллинг пен суицид мәселесі өте өзекті. Өкінішке орай, күнделікті жаңалықтардан балалардың өзіне қол жұмсауын біліп жатамыз. Сондықтан жаңа бағдарламада аталған түйткілді шешудің шаралар кешені қарастырылған. Ең басты назар мектеп психологтарының біліктілігін жоғарылатуға бөлінетін болады. Жасыратыны жоқ, білім ошақтарында психологтар тапшы. Ал жұмыс істеп жүргендері әдістемелік қолдауға зәру. Сондықтан әлеуметтік-психологиялық қызметті күшейту көзделген», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Білім және ғылым министрі өзекті түйткілдің түйінін тарқату үшін тек мектеп пен ұстаздар емес, ата-аналар, жалпы қоғам да атсалысу қажет. Бұл үшін мектеп пен ата-ана қатынасының жаңа форматы қалыптастырылмақ.
Салтанат Нысанбек, Әли Мұхтаров, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан