Елімізде 276 елді мекен су басу қаупі бар аймақта орналасқан. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше округтерде су тасқыны жағдайы күрделенуі мүмкін. Дегенмен, жағдай нашарланса барлық күштеріміз сақадай сай деп отыр.
«Күннің күрт жылынуы, қардың қарқынды еруі, сондай-ақ мол жауын-шашын жағдайында елді мекендерде су тасқыны жағдайы күрделенуі мүмкін. Осыған байланысты министрлік авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобын құрды. Халықты хабардар ету мәселелері пысықталды. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде шатырлы лагерьлер дайындалды. Күштер мен құралдарды жедел жіберу, сондай-ақ зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау үшін Қазавиақұтқару әуе кемелері үнемі дайын», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Төтенше жағдай министрі елімізде 500-ге жуық гидротехникалық құрылысты жөндеуге қаржы қажет дейді. Бұл ретте Үкімет басшысы Экология министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, бір ай ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мерзімін анықтауды тапсырды. Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдіктеріне қараусыз жатқан гидротехникалық құрылыстар бойынша меншік құқығын беру мәселесін заңнамаға сәйкес аяқтауды жүктеді.