Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университетінің бірқатар студенттері академиялық әділдік қағидаттарын бұзғаны үшін оқудан қуылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Студенттер тест сауалдарының дұрыс жауаптарын сатып алмақ болған.
«Академиялық адалдық қағидаттары студенттердің ар-намыс кодексінде толық көрсетілген. Бұл - оқыту бағдарламалары, білім деңгейін бағалау жүйесі, емтихандарға қойылатын талаптар және мінез-құлық ережесі. Академиялық адалдық қосымшасында ереже бұзғандарға тағайындалатын жаза мен тәртіптік шаралар көрсетілген», - деді баспасөз қызметінен.
Бұл құқықбұзушылықтар биылғы оқу жылының күзгі семестрінде, қысқы емтихан сессиясы кезінде анықталған.
«Стоматология және жалпы медицина факультетінің 9 студенті ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жасуша биологиясы, биофизика сабақтарынан тест жауаптарын сатып алу үшін ақша жинауға белсенді қатысқан», - деді ЖОО баспасөз қызметінен.