Үміт үзілген күн. Бірнеше күннен бері іздеген қазақстандық азамат Мирболат Құрмашевтың денесі табылды. Түркияда жер сілкінісі кезінде үйінді астында қалып көз жұмған қазақстандық Мирболат Құрмашев IT саласының маманы болған. Ол туралы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомства басшысы, Мирболат Құрмашевты Мирус деп атайтынын және IT саласында жаңа бастамалары көп болғанын айтады. Astana Hub-ты құруда атсалысып, білімімен бөліскен. Ол үшін жалақы алмай, келісімшартсыз көмектескен. Бағдат Мусин өзінің курстасын білікті маман ретінде еске алды. Министр бүгін марқұмның туыстарына қайғыра көңіл айтып, жазба қалдырды.
“Мирус – жиһанкез, біраз жерде болды, бірақ тұрақталу үшін Түркияны таңдап, соңғы 2 жыл сол жақта тұрып жатты. Президенттің Анкараға ресми сапарының алдындағы Қазақстандық IT мамандарының сол жаққа барғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Біз сол кезде оларды Стамбұлдың бірнеше IT компаниясына апарған едік. Мирус осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы болды. Біз оған Astana Hub-тың өкілі болуды ұсындық. Өйткені 2 мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді”, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Қазақстандық құтқарушылардың тағы үш азаматты үйінді астынан шығарғаны туралы видео тарады. Төтенше жағдай министрлігінің ақпарына сай, мамандар қиранды астындағы адамдармен аудио байланыс орнатып, сол арқылы зардап шеккендерді құтқарған.