Қолхатпен босатылғандар сот шешімі шықпайынша бірқатар талапты қатаң сақтауы тиіс
Алматыдағы тергеу изоляторынан 300-дей адам босатылды. Алайда бұл – оларға қатысты іс толық тоқтатылды деген сөз емес. Қолхатпен босатылғандар сот шешімі шықпайынша бірқатар талапты қатаң сақтауы тиіс. Мысалы күдікке алынған Өркен Ерзат өзіне қатысты іс бітпейінше, Алматы облысынан басқа өңірге шыға алмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл қаңтар оқиғасына қатысты күдікті деп танылған Өркен мен әпкесінің 2 айдан кейінгі көріскен сәті. 22 жастағы азаматты 13 қаңтарда полиция қызметкерлері үйінен ұстап әкеткен. Кейін оның тергеу изоляторында жатқаны хабарланған. Өркен бостандыққа шыққанымен, сот шешімін күтуі тиіс. Сондықтан туыстары «Тергеу жұмыстары әділ өтсін» деген талап қойды.
«Әділетті тергеу болатынына сенеміз. Осындай жағдай болғанына халық ретінде түсінікпен қарап жатырмыз. Бауырым болғандықтан қатты ауыр тиіп жатыр. Бірақ тергеу барысында ақталады деген сенімдемін», - деді Ө. Ерзаттың әпкесі Ардақ Ерзат.
22 жастағы Өркен жоғары оқу орнын аяқтап, мұғалім болып жұмыс істеген. Күдікті деп танылып, қамауға алынғаннан кейін ұстаздықты уақытша тоқтата тұруға мәжбүр. «Қазіргі бар ойым – өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеу» дейді.
«Мен мұғалім болып жұмыс істедім. Психологиялық дайындық керек. Педагог жұмысы қаншалықты ауыр екенін өздеріңіз де білесіздер. Белгілі бір дәрежеде психологиялық, физикалық және моральдық қысым көрген адамға қайтадан мұғалім болуы қиын жұмыс», - дейді қала тұрғыны Өркен Ерзат.
Ал заңгердің айтуынша, қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстары барынша әділ өтуі тиіс. Барлық айғақтар жан-жақты зерттеліп жатыр. Онымен арнайы прокурорлар айналысады дейді.
«Қылмыстық істер тергеліп, әлі де сотқа кеткен жоқ. Бүкіл қылмыстық іс бойынша не жасалғаны, не жазылғаны айыптау актісінде жазылатын болады. Сонымен күдіктіні де таныстырады, күдіктінің әке-шешесімен, заңды мүддесін қорғап жүргендермен таныстырып, іс сотқа жолданады», - деді халықаралық заңгерлік компанияның директоры Ғабит Өмірбеков.
Бас прокуратураның соңғы мәліметінше, тергеу-жедел топтары терроризм актілері, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3502 қылмыстық істі тергеп жатыр. 737 күдікті тергеу изоляторына қамауға алынған. Бұлтартпау шарасын өзгертумен 307 адам, оның ішінде кәмелетке толмаған 27 адам босатылыпты.
Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы