Алматылық құтқарушылар еліміздің қарғын судан зардап шеккен өңірлеріне көмекке аттануға дайын, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті су алған аймақтарда жағдай ушығатын болса, бірден оқиға орнына 48 құтқарушы мен 7 бірлік техниканы және 18 мотопомпа жөнелтпек. Олар тасқынға қарсы шараларды жүргізіп, суды сору жұмыстарына жәрдемдеседі. Бұл ретте бүгін негізгі және қосымша күштердің дайындығы тексерілді. Әсіресе, жеке құрамға нұсқау беру, мотопомпаларды дұрыс пайдалану бойынша жаттығулар пысықталды. Бұл тасқын салдарымен тиімді күресуге және жергілікті тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
– Алматы қаласының горнизоны шығуға дайын. Солтүстікке немесе басқа өңірлерге шықсын десе, 2 сағатқа жетпей сол аймаққа шығып кете аламыз. Арнайы топ құрылған. Топтарға сәйкес техника, мотопомпа дайын, – деді ТЖД №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Асқар Базарбаев.
Сондай-ақ құтқарушылар Алматыдағы жағдайды да бақылауда ұстап отырғанын айтты. Нөсерлі маусымға қаңтардан бері дайынбыз деген олар кешегі жауын-шашын кезінде де тынбай жұмыс істеген. Нәтижесінде 38 аула мен 4 көшеден су шығарылған.
– Қалада жаңбыр қатты жауып, өртке қарсы қызметтің құтқарушылары атқарушы органдармен бірлесе шұғыл әрекет етті. Су басқан аулаларда сору, суды басқа арнаға бұру жұмыстарын жүргіздік. Қазір қалада жағдай қалыпты. Мегаполис бойынша тасқынға да қарсы қолданылатын 60 бірлік өрт сөндіру техникасы есепте тұр. Сондай-ақ 48 мотопомпа мен жеке құрамда 240 адам бар, – деді ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімінің бастығы Әділбек Жұмабаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда күрт бұзылған ауа райының салдары жойылды