Алматыда пандемия басталғалы бері алғаш рет айт намазы оқылды

Алматыда пандемия басталғалы бері алғаш рет айт намазы оқылды
Бүгін игі мұсылман қауымы үшін ұлық мереке
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін игі мұсылман қауымы үшін ұлық мереке. 30 күн ораза ұстап, ауыз бекіткен ағайын таң сәріден қала мешіттерінде ораза айт намазын оқыды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл күнде араздасқан жандар татуласып, ал, тату жандардың ынтымағы арта түседі. Ораза айт намазын оқуға келген алматылықтардың қатары көп болды. Оларға қойылған басты талап - санитарлық талаптың қатаң сақталуы.

Карантин шектеуіне байланысты биыл еліміздегі барлық мешіттер Ораза айт намазын мешіт ауласында оқуға мүмкіндік алды. Мұсылман қауым бір жарым метр арақашықтық сақтап, сап түзеді. Мінәжат үйіне келушелерге қойылған басты талап, бетпердесінің болуы. Қаладағы орталық мешітке келгендердің жасы да, жасамысы да бір-бірін мерекемен құттықтады. Бәрі де ізгіліктен, жақсылықтан үмітті.

«Бүгінгі айт намазын бергеніне сансыз шүкірлік айтамын. Айт намазын былтыр оқыған жоқпыз, биыл оқып, осы індеттен құтылып, бүкіл қазақстандықтарды мен құттықтаймын. Тек жақсылық жетсін. Төрт көзіміз түгел оразадан оразаға аман жете берейік», – деді қала тұрғыны Закария Әбутәліпұлы.

«Басымыздағы індеттен арылып, Алланың қалауымен. Міне, бүгін керемет намаз болды. Жамағат намазына келіп жеттік. Алла Тағала осындай жамағат намаздарын көбейтіп, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын нәсіп етсін», – деді қала тұрғыны Амангелді Көшкін.

Ораза айттан соң 70 күннен кейін күллі мұсылман қауымы құрбан шалып, қайырымдылық шарасын ұйымдастырады. Биыл бұл мереке 2021 жылдың діни күндер кестесінде 20 шілдеге сәйкес келеді.

«Айт намазы деген ауызбірлік ынтымақтық мерекесі. Ол шүкірліктің мерекесі. Біздің жамағатымыз келіп бүгін елі үшін, жер үшін амандығын тіледі. Алла Тағаланың берген нығметі үшін шүкірліктерін жасады. Бүгін өте қысқа форматта намазымызды өткіздік», – деді қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай.

Еске салайық, жылдағы дәстүр бойынша Ораза айт намазы оқылғаннан кейін, мешіт ауласында ұлттық ойындар мен ұжымдық шаралар өткізілетін. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты биыл екінші жыл мұндай ойын-сауық ұйымдастырылмады. Ораза айт намазы аяқталғаннан кейін, жамағат көп кідірместен тарқасты.

Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров