Алматыда санитарлық норманы бұзған кондитерлерге айыппұл салынды. Мамандар тексеріс жүргізген 14 цехтың 11-нен заң бұзушылықтар анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қоймаларда ылғалды тазалау жүргізбеген, кондитерлік саймандарын өңдемеген біршама кәсіпкерге 555 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Кремді өнімдер талапқа сай салқын температурада сақталмаған. Керекті термометрлер жоқ. Жөндеу де жүргізілмеген. Осының бәрін ескере келе, жарты миллион теңгеге дейін айыппұл салдық, біреуінің ісі сотқа берілді», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.
Бұдан бөлек, санитарлық кітапшасы жоқ 17 адам жұмыстан босатылды. Бүгінде мегаполисте ресми түрде 61 кондитерлік цех жұмыс істейді. Эпидемиологтардың айтуынша, тағы 50-ден астам қала тұрғыны үйде пісірген тәттілерін интернет арқылы сатып отыр.
«Арнайы аспаз болғанымен, ол ауру ма, сау ма, сондай-ақ, тағамды қандай жағдайда жасап жатқанын білмейміз. Ал, бүгінде балалар мен ересектер арасында ішек аурулары, оның ішінде сальмонеллёз деген ауру күн санап өсіп барады. Сондықтан интернет-дүкендерден тамақ алу қауіпті дер едік. Тіпті дүкеннен алсаңыз да, тұтынушылық құқықтарыңызды біліңіздер: біріншіден, алып жатқан өнімнің рұқсат қағазы, сертификаты болуы керек. Сыртында неден, қашан жасалғаны, сақталуы мерзімі жазылуы керек. Анықтамалығында сондай-ақ шығарушының адресі мен телефоны жазылуы міндетті», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.