Ауғанстан үкіметі Қазақстаннан бидай мен ұн бағасына жеңілдік беруді сұрады

moi-hleb.com
moi-hleb.com
Ауғанстаннан Қазақстанға құрғатылған жеміс, мәрмәр тастар, картоп, өрік сынды тауар жеткізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауғанстан үкіметі Қазақстаннан бидай мен ұн бағасына жеңілдік беруді сұрап отыр. Сонымен қатар өздеріне инвестиция құюға шақыруда. Бүгін Астанада өткен бизнес-форумда екі елдің сауда министрлері мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты талқылап, сауда-экономикалық бағыттағы перспективаларды сөз етті. Одан бөлек, ауған кәсіпкерлері өздерінде өндірілетін тауарлардан үлкен көрме ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бизнес-форумда еліміздің Сауда министрі Серік Жұманғарин бізден сол мемлекетке экспортталатын тауар түрлерін көбейту көзделгенін айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар темір жол транс-ауған көлік дәлізін салуды жоспарлап отыр екен. Осылайша, «Орталық Азия елдерінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыспен байланысы жеңілдейді» - дейді ведомство басшысы. Сондай-ақ екі мемлекет телекоммуникация саласындағы байланыстарды дамытуда келісім жасады.

– Бірлескен жұмыс қорытындысы бойынша екі тарапты да осы саладағы, екі ел арасындағы одан әрі практикалық ынтымақтастық үшін ерекше маңызы бар келісімшарт жасасуымен құттықтағым келеді. Біздің операторларымыздың техникалық мүмкіндіктерді шоғырландыру және Ауғанстан арқылы басқа елдерге трафик транзиті есебінен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне ілгерілету үшін айтарлықтай әлеуеті бар деп санаймыз, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин. Биылғы жылдың 4 айында Ауған еліне Өзбекстан аумағы арқылы 150 миллион доллардан астам сомаға 450 мың тоннадан көп ұн жеткізілген. Негізі бізден шетке шығатын бидайдың 70 пайызын Ауғанстан сатып алады. Бүгін олар Қазақстаннан бидайдың бағасын сәл түсіруді өтінді. Сол елдің сауда министрі Нуриддин Азизи импортталатын бидай мен ұн бағасына арнайы жеңілдік сұрады.

– Ауғанстан қысқа мерзімде ондаған отандық тауар өндірісінің арқасында өзін-өзі қамтамасыз етуге көшкенін қуанышпен хабарлаймын. Бұдан басқа, біздің өнеркәсіптік өнімдеріміздің жүздеген атауы құрылып, сауда артып келеді. Біз бауырлас Қазақстаннан еліміздің отандық өнеркәсібін қолдау үшін сіздерге экспортталатын Ауғанстан тауарларына жеңілдігі бар тариф қолдануды сұраймыз, – деді Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи.

Қазақстанда сауда саласында 52 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ауғанстаннан Қазақстанға құрғатылған жеміс, мәрмәр тастар, картоп, өрік сынды тауар жеткізіледі. Бүгін сол елдің кәсіпкерлері ұйымдастырған көрмеде өнімнің сан түрлілігі көрсетілді. Ауғанстан кәсіпкерлері Қазақстанға кілемдерін де жеткізіп жүр екен. Кәсіпкердің айтуынша, бір кілемді жасауға бірнеше ай кетеді.

– Мен Ауғанстаннан Алматы мен Астанаға бірнеше рет кілемдер жеткізгем. Екі қалада клиенттерім бар. Көрме бүгін ғана басталды ғой, алып келген тауардың барлығын сатып кетенініме сенімдімін. Айтпақшы, бір кілемді 3 әйел екі ай бойы жасаған. Мұндағы тауарлардың барлығы қолдан жасалған, – деді кәсіпкер Джават Хуссаини.  

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы іс жүзінде 1 миллиард долларға дейін жеткен. Тауар айналымының 90 пайызы  қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі. Ал биыл 6 айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда 343,6 миллион АҚШ долларын құраған екен. Оның ішінде 334,5 миллион доллар - қазақстандық экспортқа тиесілі.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Баланы мектепке дайындау үшін қанша ақша керек

Новости партнеров