Баланы мектепке дайындау үшін қанша ақша керек

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда отбасылық жағдайы төмен 14 мың 292 оқушы бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтар бірнеше есе қымбаттаған. Балаларын сабаққа дайындауға қызу кіріскен алматылық ата-аналар осылай дейді. Олар керек-жараққа бағаның едәуір өсіп кеткенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаладағы дүкендер мен базарларда сауда қызу жүріп жатыр. Ата-аналар балаларын жаңа оқу жылына дайындау оңайға соқпай тұрғанын айтады. Себебі қалтаны қаққан нарықтың бағасы ырыққа көнбей тұр.

– Әр балама 35 мың теңгемен келіп тұрмын. Бірақ балаға тек костюм-шалбар ғана емес, басқа да киім алғысы келеді. Бар жеткенінше алып беремін, – дейді тұрғын.

– Мен көпбалалы ана емеспін. Соның өзіне әр заттың арзанын алуға тырысып жатырмын. Бір балаға шамамен 70-80 мың теңгеден кетті, – дейді тағы бір тұрғын.

Базарларда биыл мектеп формасының бағасы сапасына қарай 20 мыңнан 50 мың теңгеге дейін құбылып тұр. Сөрелерде отандық өндірушілермен бірге Өзбекстан, Қытай, Түркия елінен әкелінген тауарлар да бар.

– Бұл костюмдерде 2 шалбары мен жакеті бар, бағасы 23 мың теңге болады. Мектеп формалары 1-11 классқа дейінгі оқушыларға толық бар, – деді сатушы.

Сонымен, 1 баланы оқуға дайындау үшін қанша ақша кетеді? Саудагерлер нарықтағы орташа бағаны есептеп берді. Мектеп формасы - 25 мың теңге. Аяқ киім - 10 мың теңге. Сөмкені 8 мың теңгеге табуға болады. 

Ал кеңсе тауарларына шамамен 10 мың теңге жұмсалады екен. Бас-аяғы 53 мың теңге. Бұл - тек орта сыныптағы оқушыға кететін құн. Ал әлеуметтік санаттағы отбасындағылар үшін мемлекеттен берілетін жыл сайынғы көмек бар. Ол 1 балаға шаққанда 43 мың теңгені құрайды.

– Мектеп формасына 35 мың  және оқу құралдарына 8 мың теңге бөлінеді. Биыл екінші жыл қатарынан ақшалай көмек беріліп отыр. Бұрынғы кезде мектеп формасын сатып алып беретін. Қазір ақша ата-ананың есеп шотына түседі. Сосын сол ақшаға өздері базарға барып, киім таңдап алуына мүмкіндік бар, – деді  Білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтбаева.

Айта кетейік, еліміз бойынша әлеуметтік санаттағы бала саны 400 мыңнан асады. Ал Алматыда отбасылық жағдайы төмен 14 мың 292 оқушы бар. 1 тамыздан бастап қала аумағында «Мектепке жол» акциясы басталған. Кәсіпкерлер мен меценаттардың қолдауымен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіледі. Қайырымдылық шарасы оқу жылы басталғанға дейін жүргізіледі.

Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы автожолдардың сапасын жақсарту үшін бірыңғай база құрылмақ

Новости партнеров