Өрт қауіпсіздігі: төтеншеліктер 4 адамға айыппұл салды

15.08.2024 20:42

Таулы аймақта от жаққан 27 адам анықталды

Almaty.tv

Алматыда биыл құрғақ шөптің жануының 109 фактісі тіркелген. Өрттің жалпы аумағы 1,5  гектарды құраған. Мамандардың айтуынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір аз. Себебі былтыр 254 жағдай тіркеліп, 12,4 гектар аумақты шарпыған өрт сөндірілген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «Бұтақты» шатқалында арнайы рейд жүргізді. Мамандар қала тұрғындары мен қонақтарына аптап ыстық кезінде тілсіз жаудан келетін қауіп күшейетінін ескертіп, таулы аймақта өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау қажет екенін түсіндірді. Сондай-ақ белгіленбеген аумақта от жаққан екі адамға ескерту берілді.

– Өрт қауіпсіздік кезеңі басталғалы 106 рейд ұйымдастырылды. Оның ішінде 7 мың үгіт насихат парағы Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарына таратылды. Онда орман өрті, от жағу ережелері жазылған, – деді Медеу ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Еламан Ешмағанбетов.

Ал таулы аймақта от жаққан 27 адам анықталды. Оның ішінде 23 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 4 адамға 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

Айта кетейік, қауіпсіздікті бақылау мақсатында Алматыда арнайы жасақ жұмыс істейді. Күнделікті 13 адам мен 2 техника кезекшілікке шығады.

Оқи отырыңыз: ЖОО ұстаздары мен ғылыми қызметкерлердің жалақысы көтеріледі