Құмар ойынның құрығынан қалай бас тартуға болады

Сгенерировано ИИ
Сгенерировано ИИ

Жаңа сервис 18 наурыздан бастап іске қосылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 10 мыңнан астам адам құмар ойынның құрығына түспес үшін өздерін бәс тігуден шектеді. Оның 7 мыңы өтінішті онлайн форматта «eGov mobile» қосымшасы арқылы жіберген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрығы ұзын құмар ойынға құныққан жандар одан онлайн түрде бас тарта алады. Сервис 18 наурыздан бастап іске қосылды. Арнамызға 8 жыл азарттың азабын тартып келген азамат хабарласып, 14 жасынан ойын бизнесінің құрбанына айналғанын айтты. Тек соңғы уақытта емделуге бел буыпты. Ер жігіт алғашқылардың бірі болып жаңа жобаны пайдаланып, өзіне ресми түрде құмар ойын ойнаудан шектеу қойды.

– 14 жасымда қызығып 10 теңге, 20 теңгеден қойып бастағанмын. Сосын ержете қалай ақша таба бастадым, сол ақшаның бәрін салатын болдым. Несие алдым. Мені оңалту орталығына келмей тұрып, сол тізімге енгізді. Өз жолын таба алмай және қоя алмай жүрген балаларға түрткі болды деп ойлаймын, – деді қала тұрғыны.

Тәуелділікпен күресетін мамандар лудомания қазіргі қоғамның ең ауыр дертіне айналды деп отыр. Себебі елде мыңдаған адам ақыл-есі сау күйінде өзін тоқтата алмай, құмардың құрығына түсіп, қылмысқа да барып жүр. Сарапшылар осы тұста заңды күшейтіп, жаңа сервистің жұмысына қосымша қауіпсіздік функцияларын енгізуді ұсынды.

– Бұл дерт көбіне психикаға соққы болып, адам өз-өзін алдай бастайды. Біз сол әуестіктің деңгейін анықтап, кешенді ем жазып береміз. Әрине, жаңа заң, қосымшалар науқастарды емдеуге белгілі бір үлес қосып, дертке төтеп береді. Оған қоса, заң жүзінде көлеңкелі сайттарды бұғаттау керек, – деді оңалту орталығының кеңесшісі Темірлан Оразғалиев.

1 сәуірден бастап «eGov mobile» мобильдік қосымшасындағы қызметті 7 мыңнан астам резидент пайдаланды. Басты артықшылық – қағаз өтінішке қарағанда онлайн өтініштерді өңдеу мерзімі едәуір қысқа. Бұрын бұл қызмет түріне 8 күн кететін. Мамандар бұл сервисті лудомандардың әуестіктен арылуға тәуекел етіп жасайтын алғашқы қадамы деп санайды.

– Бұл қадам құмар ойындарға тәуелділікпен күресу процесін жеңілдетеді. Өзін-өзі құмар ойындардан шектейтіндердің тізімін тез арада енгізіп, уақытты үнемдеп, еліміздегі ресми ойын мекемелеріне кірген бетте оны бұғаттап, әуестікті қоздырмауға мүмкіндік туады. Бұрын көп уақыт алатын, цифрландырудың арқасында ол жылдам әрі қолжетімді болады, – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қоғаммен байланыс басқармасының бастығы Олжас Стамбеков.

Шектеуге ниет білдірушілер өтінішті электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, өзі беруі тиіс. Үшінші тұлғалар бере алмайды. Сондай-ақ қазір әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне құмар ойындарға қатысты бірнеше заңға түзетулер енгізу бойынша жұмыс жасалуда. Онда бәс тігу жасын 21-ден 25-ке дейін көтеру және букмекерлік кеңселер мен казиноның жарнамаларына толық тыйым салу да бар.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: «Қорғаста» астыртын казинолар мен жезөкшелер притоны жойылды

Новости партнеров