Кәсіп ашқысы келген бір топ жас маман қала шетіндегі 3-қабатты үйді жалдап 50 шақты балаға дәріс берген
Алматыда балаларды Ұлттық біріңғай тестілеуге дайындап жүрген заңсыз білім беру орталығы анықталды. Кәсіп ашқысы келген бір топ жас маман қала шетіндегі 3-қабатты үйді жалдап 50 шақты балаға дәріс берген. Ондағы бір оқушы біздің редакциямызға хабарласып, бастапқыда білім береміз деп, артынан тамақ пісіру мен еден жуу секілді қара жұмысқа салғандарын айтып шағымданған. Cабақ оқымаса ұрып-соғып, тәртіпке бағынбағандарды жазалаймыз деп қорқытыпты-мыс. Ұстаздардың қысым көрсеткені рас па? Санитарлық қызмет өкілдеріне ескертпей, астыртын жұмыс істегені үшін орталық жетекшілеріне жаза қолданыла ма? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын мәселені зерттеп көрді
Бұл – Гүлім есімді қыздың біздің редакциямызға жіберген аудиохабарламасы. Балаларға білім береміз деп жинап алып, кейіннен еден жуғызып, қинап ұстап отыр дегенді естіп, жанұшырып айтқан мекен жайға түсірілім тобымызбен аттандық. Тәртіп сақшыларымен бірге 3 қабатты үйге кіріп барғанымызда оқушалар сабақ оқып жатыр екен. Мұндағы ұстаздар балаларға қандай жағдайда қысым жасалатынын айтып берді.
Дархан Бекболат, мұғалім:
– Қысым қай кезде жасалады? Бала сабақ оқымаса, оларды оқытуға тырысамыз. Себебі бізге нәтиже керек.
– Қалай жазалайсыздар сабақ оқымаса?
– Енді ұрып-соқпаймыз, түсінектеме жазғызамыз. Ата-анасына хабарласамыз.
Жеке меншік оқу орталығында қазір 48 бала білім жатыр. Олар осында 1 ай жатып Ұлттық біріңғай тестілеуге тыңғылықты дайындалатын көрінеді. Оқушылар да шағым түсірген сыныптасының сөзін жоққа шығарды. Осында білім алып жатқандарына дән риза сияқты.
«Білім алу үшін осы жаққа оқуға келгем. Сіздердің айтып жатқандарыңыз күштеп ұстап отыр деген ол өтірік нәрсе», – деді оқушы Мақсат Сабыржан.
Тәртіп сақшылары тексеру барысында шағын орталықтың талай былығын ашты. Балаларды ақылы қабылдап, сабақ беріп жатқан әрекеттері заңсыз болып шықты.
Артымыздан көп ұзамай аудандық санитариялық мамандар да жетті. Ғимарат ішін аралап көрген олар тазалықтың сақталмағанын көріп жағаларын ұстады. Сабақ оқитын сыныптарда антисептик атымен жоқ. Ал, ұйықтайтын бөлмедегі екі қабатты кереуетті көріп абақтыға ұқсаттық. Балалар осындай темір төсектерде жатады екен. Бір жерде 15-16 адам шоғырланған. Асханасы да адам шошырлық жағдайда. Тамақ дайындау мен ыдыс жуатын орындар негізгі талаптарға мүлдем сай келмейді дейді мамандар.
«Өздеріңіз көргендей, санитарлық жағдай сұмдық. Бөлмелер лас, тазаланбаған. Аспаздың өзінде санитарлық кітапшасы жоқ. Арнайы қоқыс жәшіктері бөлінбеген. Балалардың не жеп, не ішіп жатқаны да белгісіз. Бекітілген мәзірлерін де көрсете алмады. Балалардың жатып-тұруына жағдай жасалмаған. Жағдайды бақылауда ұстаймыз», – деді Наурызбай ауданды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімі басшысының орынбасары Диас Жұмабаев.
Білім орталығындағы сабақ кестесі таңғы 06.00-дан бастап, түнгі 01.00-ге дейін тоқтаусыз жалғасады екен. Мұны сондағы мұғалімдердің өздері растап отыр. 20 сағатқа жуық үздіксіз сабақ оқуға бала түгілі ерекесек адамның да шыдамайтыны белгілі. Десе де басқалардан ерекшеленеміз деп өрімдей балаларға темірдей тәртіп пен әскердей талап қойғандардың ісі алдағы уақытта май шаммен қаралады деді сала мамандары.
Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы