Қазақстанда ішкі әуе рейстері қайта іске қосыла бастады. Бүгін Алматыдан ел астанасына жолаушылардың алғашқы легі ұшып барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BaigeNews.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында ұшақтар күніне үш рет ұшатын болады. 4 мамырдан бастап қазақстандықтар елорда мен Алматыдан Қызылорда, Петропавл, Өскемен және Семей қалаларына ұша алады. Еліміздің басқа қалаларында әзірге қатаң карантин режимі алынған жоқ.
Айта кетерлігі, ішкі әуе қатынасы әзірше Нұр-Сұлтан ‒ Алматы бағыты бойынша жұмыс істеп тұр. Бірнеше күннен кейін тағы бірқатар бағыттар ашылады.
Жолаушыларды ұшақпен тасымалдауда санитарлы-карантиндік бақылау қатаң сақталған. Жолаушылар ұшақ бортына коронавирус инфекциясын жұқтырмағаны туралы анықтамасы болған жағдайда тек маскамен ғана міне алады.
Сонымен қатар, әуежайда жолаушылардың да, экипаж мүшелерінің де дене қызуы тексеріледі. Тіркеуден өткенде, әуе кемесіне отырғызу және түсу кезінде жолаушылар бір метр арақашықтықты сақтауы қажет. Ұшақта жолаушылар әр кресло сайын отырғызылады. Бұл жайында әуе компания мен әуежай қызметкерлері үнемі ескертіп отырады, оған қоса әр жерде ескертпелер қойылған.
Бүгін Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында бірнеше рейс болады деп жоспарлануда. Кешке қарай елордадан Атырауға әуе рейсі ұшады деп күтілуде.
Еске сала кетсек, 27 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 мамырдан бастап елорда мен Алматы аралығында әуе рейстарі ұша бастайтынын мәлімдеген болатын. Ал 4 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылорда, Өскемен, Семей, Петропавлға ұшақтар ұша бастайды.