Елімізде 2 млн гектардан астам жер игерілмеген

03.05.2023 в 20:44

Мәжіліс депутаттары осылай дабыл қақты

Бай-бағландардың банктерін мемлекеттік қолдаудан айыру керек. Бүгін мәжіліс депутаттары осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар қазақстандық олигархтарға тиесілі алпауыт қаржы ұйымдарына үкімет қамқорлық жасағанды доғырсын деп ұсыныс айтты. Банктерде кепілге қойылған пайдаланылмай жатқан жерлердің жайын да халық қалаулылары мәжіліс мінберінде көтерді.

«Соңғы 30 жылда бай-бағландардың банктерін құтқарумен» келеміз деген Бақытжан Базарбек өз сауалын тікелей Үкімет басшысының бірінші орынбасарына бағыттады. Айтуынша, біздегі билік әлі күнге олигархтарға тиесілі банктерді қолдап келеді. «Оларға қамқорлық жасауды тоқтату керек» деп санайды депутат. Мұнымен қоса, кепілге қойылған жерлерді мемлекетке қайта қайтаруды сұрады. Ақпарынша, елімізде 2 млн гектар алқап бос жатыр.

«2 млн га жерді не мемлекет, не халық қолданбайды. Оны мемлекетке де қайтарғылары келмейді. Осы уақытқа дейін неге банктерден сол жерлерді алып қоймадық. Жер кодексінде белгіленген заң бар. Әрбір жер кемінде 2 жыл пайдаланылмаса, мемлекетке қайтарылуы керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек

Соңғы 1 жылда елімізде электр самокаттардың кесірінен оқыс-оқиғалар көбейіпті. Депутат айтқан мәліметке сәйкес, 40-қа жуық жағдай тіркеліпті. Салдарынан 1 адам қаза тауып, тағы 40 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алған. Жолда жиілеген келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін мәжіліс депутаттары талапты күшейту керек дейді. Қалада самокаттарға арналған арнайы жолақтар салу керегін ұсынды.

«Қазір екінің бірі көшеде самокат мінеді. Біз мұның қозғалыс үшін қажетті құрал екенін білеміз. Оның үстіне олар экологиялық тұрғыдан зиянды емес. Бірақ, қауіп жоғары. Білесіз бе, неге? Бізде арнайы жол аз. Самокатқа мінген жасөспірімдердің көбі ережелерді білмейді. Егер олар жаяу жүргіншілерді қағып кетсе, жаза арқаламайды. Оқиға орнынан қашып кетуге тырысады. Сондықтан нақты ереже мен талап, жауапкершілік енгізу керек. Осыларды шешу үшін инфрақұрылымды дамыту керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев

Бүгінгі жиында Мәжіліс бірқатар заң жобасын мақұлдады. Қатарында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы маңызды құжат та бар. Аталған заң жобасы азаматтың бостандығының шектелуін болдырмау, құқығын қорғауға бағытталып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын біздің елде адам саудасымен 100-ге жуық қылмыстық іс тіркеледі екен. Олардың басым бөлігі - құлдықтың қамытын киіп, бәзбіреудің қолында күшпен отырғандар. Тіпті жаңа туған шақалақты да саудалап сатып жіберетіндер аз емес көрінеді. Сондықтан бүгін қабылданған бұл заң адам саудасына түбегейлі тосқауыл қоймақ.

Камшат Мухамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана