«Алтын Орда» базарына қатысты тергеу жүріп жатыр
«Кінәлілер бірі қалмай жазаланады». Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов «Алтын Орда» базарындағы былық туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Парламент Мәжілісінің депуттатары мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған заң жобасын мақұлдады. Құжатта тағдыр жазуымен тауқыметке тап болған адамдарға әлеуметтік және медициналық көмек көрсетуді жақсарту тетіктері нақты жазылған. Мәжілісте талқыланған тақырыптан бөлек, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.
«Кінәлілер бірі қалмай жазаланады». Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов «Алтын Орда» базарындағы былық туралы пікір білдірді. Ол тиімсіз сауда делдалдығын тоқтататын кез келді деп кесіп айтты. Айта кетейік, күні кеше базардың саудагерлері орынсыз қалуымыз мүмкін деп бас көтерген еді.
«Алтын Орда» базарына қатысты тергеу жүріп жатыр. Меніңше, әділетті шешім шығады. Күту керек. Қазір дербес құқығы бар, «тиіспеушілік» құқығына ие ешкім жоқ. Сол себепті базардың бастығы немесе жетекшісі болсын, қылмыс жасаса, ол тиісті жазасын алады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Блогерлер де қылмыстық жауапкершіліктен қашып құтылмайды. Осылай деген Мәжіліс төрағасы қаржы пирамидаларына қарсы тұруға бағытталған заң жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Онда алаяқтық схемаларды жарнамалаған вайнерлер мен әртістерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
«Қаржы пирамидалары – күрделі мәселе. Әсіресе, біздің өңірде халықтың, тұрғындардың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып жатады. Бір жағынан қылмыстық іс деп айтуға болады. Қаржы пирамидаларының берген уәделеріне адамдар сеніп, өзінің соңғы ақшаларын апарып береді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Мәжілісте сондай-ақ, әкімдерге партия филиалында лауазымды қызмет істеуге шектеу қою туралы тиісті заңдар қаралып жатқаны сөз болды. Мәжіліс спикері еліміздегі сарбаздарды дайындау саласы ақсап тұрғанын да жасырмады.
«Қаңтар оқиғасынан кейінгі қандай кемшіліктер болды? Президенттің тапсырмасына сәйкес заң жобасы қабылданды. Оның ішінде қаржы мәселесі де бар. Кадр мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек, әсіресе, әскерде», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар, Мәжілісте «соқыр», «мылқау», «саңырау» сөздерін айту заңмен шектелетіні айтылды. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері туралы заң жобасы бойынша 75 заңнамалық актіге және 64 заңға өзгерістер енгізіледі. Ал таксопарктер әрбір 10 таксидің біреуін мүгедектігі бар адамдар үшін бейімдеуін қамтамасыз ету міндеттелді.
Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан