Мемлекеттік қызметшілер «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысуы мүмкін

Фото: Мангистау медиа
Фото: Мангистау медиа
Қазіргі таңда ауылдық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарда 1000-ға жуық маман тапшы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заң жобасы талқыға салынды. Құжатты депутаттарға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Қазіргі таңда ауылдық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарда кадр жетіспеушілік мәселесі өзекті. 1000-ға жуық маман тапшы дейді төрайым.

«Ауылдық округтерде мысал үшін мемлекеттік қызметке баратын қызығушылық жоқ. Бізде көп конкурстар жарияланады. Бірақ ол конкурстар өтпей қалады. Неге десеңіз, оған үміткер жоқ. Өйткені ол жерде ешқандай әлеуметтік пакет жоқ мемлекеттік қызметкер үшін. Ал, енді, «Дипломмен ауылға» деген жобаның өзі үлкен әлеуметтік пакет береді. Оның ішінде 4 миллионға жуық кредит беріледі. Процентсіз деп айтуға болады», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА.

Бұдан бөлек халық қалаулылары басшылық қызметке тағайындалатын үміткерлерге квалификациялық талапты күшейтуді ұсынды. Өйткені бір орында жарты жылдан артық отырмай, тақтан-таққа ауысып жүре беретін ақжағалылар саны көбейген. Ал, депутат Омархан Өксікбаев мемлекеттік қызметті жетілдірудің нәтижесін сынға алды. Оның сөзінше Батыстың да, Шығыстың да тәжірибесін енгізгенмен, реформалар көп уақыт өтпей өміршең болмай шығады.

«Әр келген төраға осы қызметке өзінің жаңа реформасын алып келіп жатты. Бір тұрақтылық болмады біздің мемлекеттік қызметте. Мемлекеттік класстық шен де енгіздік, бөлдік те, А,В,С да жасадық неше түрлі. Жуырда ғана біз А корпусын, осы үш жыл ғана болған қаншама тер төгіп, қаншама әжептәуір қызмет істеп жүрген аудан әкімдері соның тестілеуінен өте алмай, жұмыссыз қалды. Соның барлығын біз бір сәтте жоқ қылдық. Бұның өзі шегі бола ма? Болмай ма?», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан ӨКСІКБАЕВ.

Новости партнеров