ТЖ: Алматыда екінші кезең бойынша қандай мекемелер жұмысын бастайды

28.04.2020 20:44

Арнайы комиссия жұмысын бастаған мекеменің тазалық талаптарын тексереді

Almaty.tv

Алматыда екінші кезең бойынша жұмысын жандандыратын мекемелердің тізімі жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар: қызмет көрсету, қаржы саласы, көлік және логистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және бизнеске арналған кәсіби қызмет саласы. Қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев онлайн брифингте қойылатын талаптарды түсіндірді. Оның сөзінше, сауда және қызмет салалары алдын ала аудиттан өту керек. Яғни, арнайы комиссия жұмысын бастаған мекеменің тазалық талаптарын тексереді. Егер санитарлық стандарттарға сай келмесе, ол ұйым жұмысын бастамайды.

«Өткен аптада өндіріс және құрылыс саласында осындай тетікпен жұмыс жасаған болатынбыз. 30 пайыздан астам кәсіпорын өтпеді. Қазір олар өздеріне берілген ескертпелер бойынша жұмыс жасап жатыр. Дайын болған кезде біз қайтадан аудитқа шығамыз», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.

Санитарлық талаптар өзгермеген. Мекемеде дезинфекциялық құралдар жеткілікті болуы керек. Қызметкерлердің барлығы жеке гигиеналық заттармен қамтылуы тиіс. Жұмысшылар және тұтынушылар 2 метр ара қашықтықты сақтауы керек. Қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья Дягильева онлайн брифинг кезінде кәсіпорындарға қойылатын талапты тағы еске салды.      

«Мәселен, техникалық жөндеу орталығы, көлік жуу және шиномонтаждарда адамдар барынша аз жұмыс істеуі керек. Келушілердің өзі алдын ала жазылу бойынша барған дұрыс. Сонымен қатар, әр мекемеде тазалық шарасына, қызметкерлердің дезинфекциялық құралдармен қамтылуына жауапты мамандардың болуы шарт», – деді қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары  Наталья ДЯГИЛЕВА.