Желге ұшқан миллион: Петропавлдағы жатақхананың бірінде құбыр істен шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
Жөндеу жұмыстары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүргізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлдағы жатақхананың бірінде құбыр істен шығып, нысан су астында қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көпшіліктің айтуынша, 95 млн-ға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары сапасыз. Дәл осындай мәселемен тағы бір үйдің тұрғындары шағымданды. Қызығы, 2 үйге де бір ПИК жауап беретін болып шықты.

Бұл – Петропавл қаласындағы Восход жатақханасы. 60 жыл бұрын тұрғызылған нысан былтырға дейін жөндеу көрмеген. Тек өткен жылы құлауға шақ тұрған ғимаратқа 95 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жасалыпты. Көп ұзамай жаңа құбыр істен шығып, жатақханада тұрып жатқан 400-ге жуық тұрғынның үрейін ұшырған.  

Сапасыз жүргізілген жұмысқа тұрғындардың көңілі толмайды. 22 жылдан бері осы жатақханада отбасымен бірге тұрып жатқан Леонид Власов «ұзақ күттірген жөндеу нәтижесіз болды» деп өкпелі.

«Сапасы нашар. Екі күн қатарынан қабырғадан су ақты. Кооператив жетекшісі жауап бермеді, жөндейтін маман  дүйсенбі келіп істейтінін айтты. Шаршы метріне 45 теңгеден төлеп жатырмыз. Бірақ жасалып жатқан жұмысты көрмедік Құбырлар сынған. Ертең жаңбыр жауса, сусыз және жарықсыз қалуымыз мүмкін. Барлық кемшілікті реттеп берсе дейміз», – деді қала тұрғыны Леонид Власов

Дәл осындай мәселемен тағы бір үйдің тұрғындары шағымданды. Шатырды жөндеу үшін бюджеттен 86 млн теңге бөлінген. 7 айға созылған жұмыс нәтижесінде төбеден су кетіп, үйге аққан.

«Үйдің шатырын толық аяқтап біткен жоқ. Жаңбыр жауғанда су пәтерге кіреді. Ақша бөлінді, ал нәтиже жоқ. Пәтер иелері кооперативінің басшысы тексеру комиссиясына құжатты ұсынбаған. Біз прокуратураға арыздандық, полицияға жүгіндік, әкімдікке хабарластық. Бірақ ешкім жауап бермей отыр. Жұмыс болса тоқтап тұр», – деді қала тұрғыны Наталья Дроздецкая

Ал 2 үйге де жауап беретін ПИК төрайымы тұрғындардың шағымымен келіспейтінін айтады. Десе де кеткен олқылықтың бәрін қазан айының басында жоятынын айтты.

«Гоголь көшесіндегі шатырды жөндеу жұмыстары қабылданды, бірақ тұрғындарға ұнамай қалды. Өзім ешқандай кемшілік байқамадым. Комиссия да көрмеді. Тұрғындардың не себепті шу шығарып жатқаны түсініксіз. «Маған хат жазып, шағым жазыңдар» дедім. Керек болса мен мемлекеттік бақылауды шақырамын», – деді ПИК төрайымы Раиса Хроменко.

Ал жөндеу жұмысын жүргізген мердігер ұйым өкілдері істе кемшілік кеткенін растап отыр.

«Жұмыс ойдағыдай жүргізілді. Жаңа құбырлар орнатылды. Бірақ суды қосқан кезде, крандар істен шықты. Бұл – жеткізушінің кінәсі. Қазір олар крандарды ауыстырып, қайта іске қосты. Ақауларды жоямыз. Бізде 2 жыл кепілдік мерзімі бар. Кемшіліктерді осы кепілдік аясында өз қаражатымыздан жөндейміз», – деді мердігер ұйым қызметкері Анатолий Орлов

Жұмыстар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүргізілді.

«Тұрғын үй комуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы аясында осы үйде жаңағы жұмыстар жасалған болатын. Бұл шешімді тұрғындардың өздері қабылдады. Одан кейін «Мирасгруп» пен КСК Мечтаның арасында келісімшарт жасалды. Соған сай жұмыс орындалды», – деді ТҮКШ бөлімінің баспасөз қызметкері Әсем Айтолла.

Соңғы 2 жылда баспаналарды жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 980 миллион теңге бөлінді. Бұл сомаға 18 көпқабатты тұрғын үйде жұмыстар жүргізілген.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Новости партнеров