Қаңтар оқиғасында еліміз бойынша 50 мың адам шеруге шыққан

Almaty.tv
Almaty.tv
Бас прокуратураның мәліметінше, бір Алматының өзінде 30 мың адам жиналған
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Қаңтар оқиғасы кезінде бүлікшілер билікті басып алмақ болды. Бұл жайында бүгін Мәжілісте өткен отырыста бас прокурор мәлімдеді. Берік Асыловтың айтуынша, мұндай іс-қимылдар терроризм актісі ретінде бағаланады. Қаңтар қасіретіне қатысты тың деректер айтылған жиында ведомство басшысы жаңа бейнероликті ел назарына ұсынды. Қаңтардағы шеруге ел бойынша жалпы 50 мың адам шыққан. Күштік құрылымдар наразылық акциясы жаппай тәртіпсіздікке ұласқандықтан қару қолдануға мәжбүр болыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 


Жыл басында Маңғыстау облысындағы наразылық акциясын қолдаған азаматтар алаңға шығып, елдің бірқатар өңірінде бейбіт шерулер басталды. Бас прокуратураның мәліметінше, бір Алматының өзінде 30 мың адам жиналған. Олардың талаптары орындалғанымен, халық алаңнан кетпей, бейбіт шеру жаппай тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласты. 

«4-5 қаңтар күндері азаматтар, жиын агрессивті топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өтті. Ұйымдастырушылар айқын жоспармен әрекет етті. WhatsApp және Telegram арқылы топтың жиналуы мен қозғалысын үйлестірді. Олар көп адамды жинап, алып арматура, таяқ, тас, Mолотов коктейлімен қаруландырды. Кейін топтың бір бөлігі дүкендерді қиратып, тонауға кірісті», - деді ҚР Бас прокуроры Берік Асылов.

20 мыңға жуық адам мемлекеттік нысандарға шабуыл жасады. Дүрбелеңді басуға шыққан құқық қорғау органдары мен әскерилер соққыға жығып, тіпті оларға қарсы қару қолданды. Соның салдарынан 3,5 мыңға жуық қызметкер түрлі дене жарақатын алып, 19-ы қаза тапты.  Бас прокуратураның мәліметінше, сол кезде 2891 қару мен 60 мың оқ-дәрі ұрланған.

«Заңды талаптарға бағынбай қарсылық көрсетілді. Соның өзінде полиция ешқандай күш қолдану шарасын қолданған жоқ. Бұл жағдайды пайдаланып мыңдаған бүлікшілер полицияға шабуыл жасады. Олардың жоғары деңгейдегі дайындығы, ұйымшылдығы байқалды. 3 мыңнан астам полиция мен әскери қызметші жарақат алды. Көптеген қызметкерлер әлі де ем алуда. Айта кетсем, біразы денсаулығына байланысты болашақта біздің қатарымызда қызметін жалғастыра алмайды», - деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Бас прокуратураның мәліметінше, дүрбелеңді лаңкестер өз пайдасына шешуді көздеп халықты арандатып, қылмыстық істерге итермелеген. Осылайша, билікті күшпен тартып алу әрекеттері де анық байқалыпты. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына қатысқан заңгер Айман Омарова да Қаңтар оқиғасына баға беріп, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының көмегі ғана жағдайдың тұрақталуына септігін тигізгенін айтты.

«Мен 5 қаңтарда Алматыдағы митингіде болдым. Ондағы жағдайды өз көзіммен көрдім. Сіздердің ойыңызша, бейбіт шеруге шыққан адам қару-жарақ ұстай ма?! Қару дүкендерін тонап, полиция қызметкерлеріне, бейбіт тұрғындарға да оқ жаудыра ма?! Шеруге шықтық дегендер қайда бара жатқандарын өздері де білмеді. Президенттің нақты шешімдері бұл бейберекетті тоқтата алды. Осылайша, мемлекеттілікті сақтап қалды. Тоқаевтың билікке келуімен халықтың сенім орталығы құрылып, басқа да саяси реформалар жүргізіле бастады», - деді «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының тергеу жөніндегі жетекшісі Айман Омарова.

Отырыста Бас прокурор Қаңтар оқиғасына қатысты барлық сұраққа жауап беруге дайын екенін және Қазақстан өзінің тәуелсіздігінде мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болғанын айтты. Ресми мәлімет бойынша дүрбелеңге қатысты 3 770 қылмыстық іс қозғалған.

Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы     




Новости партнеров